Астана медицина университетінің 100-ден астам студенттері мен интерндері болашақ дәрігерлер ретінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша жұмыстар атқаруға ниет білдірді, ал 400-ден астам резидент клиникалық базаларда практикалық денсаулық сақтау саласына көмек көрсете отырып, пандемияның алғашқы күндерінен бастап Нұр-Сұлтан қаласында және Қазақстанның басқа да аймақтарында коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша өткізіліп жатқан іс-шараларға белсене қатысып келеді. Карантиндік және провизорлық орталықтарда жұмыс істейтін волонтер-студенттеріміз барлық жеке қорғаныс құралдарын қолдана отырып, таңертең 7.30-да ауысымға кіріседі. Басқа да еріктілермен бірлесе отырып, волонтерлердің атқаратын негізгі қызметі:
- термометрияны, қанқысымды және пациенттердің жағдайын тұрақты түрде мониторингілеу;
- пациенттерге азық-түлік жеткізу;
- бөлмелердің жайлылығын тексеру;
- жаңа пациенттерді орналастыру;
- күнделікті медициналық құжаттаманы жүргізу және т.б.
Біздің волонтер-студенттеріміздің өз еріктерімен уақтылы көмек көрсетіп жатқаны жоғары бағаланып, карантиндік стационарлардың басшылары мен ұйымдастырушылары тарапынан мақтауға лайық екенін атап өткен жөн.
Біз, өз кезегімізде, әлемдік қоғамдастық үшін қиын-қыстау күндерінде шетте қалмай, ортақ іске өлшеусіз үлес қосып жатқан өз елінің лайықты патриоттарын тәрбиелегендері үшін ата-аналарына алғыс айтамыз!
«Астана медицина университеті» КеАҚ медиа-баспасөз орталығы