Бас дәрігер 200 мың теңге үстемақымның 150 мыңын талап етті
Бас дәрігер 200 мың теңге үстемақымның 150 мыңын талап етті
Тағы бір дәрігер Президенттен араша сұрады! Бұл жолы Жамбыл облысы Жуалы аудандық ауруханасының медицина қызметкері жанайқайын жазып, әлеуметтік желіге жариялаған. Видеожазбада Фариза Жанбатырова карантин кезінде жасаған еңбегі үшін берілген үстемақының жартысын басшылар қайтарып беруді талап еткенін айтады. Алғашында 39 мың теңгені өз қолымен қайтарып берсе, екінші мәрте 150 мың теңгені қайтар депті. Бұған шыдамаған әйел талапты орындаудан бас тартқан. Және сол үшін басшылық мені қызметтен босатты дейді. Бұл туралы Newsroom+ақпарат хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
ФАРИЗА ЖАНБАТЫРОВА, ЖУАЛЫ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Зам главврача Байтөреев Абзал кабинетіне қызметкерлердің бәрін жеке-жеке шақырып, соның ішінде мені де шақырып, 200 мың теңгенің түсетінін және 200 мың теңгенің 150 мың теңгесін беруімді талап етті»
Интернетте қызу талқыға түскен видео Жамбыл облысының әкімінің да назарына ілікті. Жуалы аудандық ауруханасына арнайы комиссия барып, тексеру жасаған. Қызметкерлер арасында жасырын сауалнама жүргізсе, олардың жартысы басшылықтан қысым көретіндіктерін айтып, болған жайтты растаған. Өзі басқарып отырған мекемеде мұндай сорақылыққа жол берген аурухана басшылығы жазасын алатын болады дейді тексеру жүргізгендер.
НӘЗИМА ЖҰБАНДЫҚОВА, «ЖАМБЫЛ АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Облыс әкімі жасақтаған комиссия шешімін айтар болсақ, ол жерде бас дәрігер мен орынбасары қызметінен босатылуы мүмкін және аудан әкіміне сөгіс жарияланады деп хабарлама беріп тұр».
БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ: «Ақша сұрауды, үйіңнен дәрі-дәрмек алып кел дегенді тоқтату керек, Егер осы қайталанатын болса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысынан бастап қатаң жазаланады».