Жаңалықтар

Арман Қырықбаев: ең басты мәселе ашық айтыла бермейді

Арман Қырықбаев: ең басты мәселе ашық айтыла бермейді

Халқымызда «таудың биіктігі алыстан білінеді» деген сөз бар. Біз күнделікті күйбеңмен, тіршілік қамымен жүріп, кейде көкжиекке көз салуды естен шығаратын сияқтымыз. Тарихқа қарасақ, АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашигтонды замандастары сол кезде жүргізген саясаты үшін ашық сынға алған. Түркия Республкиасының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің көзі тірісінде ол туралы жағымсыз пікір айтушы отандастары көп еді. Соған қарамастан, қазір дүние жүзі Вашингтонды да, Ататүрікті де әлемдік тарихтағы ықпалды, танымал тұлғалар деп таниды. Олардың мемлекетті нығайтудағы ролі, өз халқы үшін атқарған жанкешті еңбегі аңыздай болып айтылады. Мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне шын бағаны кейінгі ұрпақ, келер тарих беретініне сенем. Елбасының еңбегі жайлы талай жазылып-айтылып жүр. Бірақ ең басты мәселе ашық айтыла бермейді. КСРО шекпенінен шыққан, тілін, ділін, дінін ұмытудың аз-ақ алдында қалған, ата-баба дәстүрінен жаңылып, саяси қуғын-сүргінде сүт беті қаймақтарынан айрылған, экономикасы құлдырап, өз жерінде жетімдік көрген халықты басқару жүрегінің қылы бар Нар тұлғаның ғана қолынан келер еді. Атақты «Күлтегін» жырында Білге қаған былай дейді: «Мен Атағы асқақтап жатқан Елге Қаған болғам жоқ; Байлыққа батпақтап жатқан Елге Қаған болғам жоқ. Мен Киерге тоны жоқ, Ішерге асы жоқ, Шығатын жолы жоқ Жәутік елге қаған болдым». 1991 жылы Қазақ елінің жағдайы осыған ұқсас еді. Қазіргі мемлекеттіліктің іргетасын қалаған, реформаларды жолға қойған, қоғамның саяси модернизациясын бастап берген – Елбасының өзі. Тұңғыш Президенттің соңғы жылдарда қабылдаған саяси шешімдеріне сараптама жасаған адам мұны түсінеді. Күш-қуаты бойында, билігі қолында тұрғанда өз еркімен президент өкілеттігінен бас тартуы – Елбасымыз қабылдаған көп саяси шешімдерінің бірі ғана. Бұл қадамның да бағасын алдағы тарих айтатын болады.  width= Бүгінде Елбасы Білге қағанның сөзімен: «Елімді Суға батырмадым, Отқа күйдірмедім. Ешкімге Бастарын идірмедім! Ойға босқан халқым Қандастығын айта келді, Қырға қашқан халқым Бауырым деп қайта келді» десе, артық емес. Қазір бейбіт заман. Сонда да аласапыран шаққа тап болдық. Көзге көрінбейтін вирус барша әлемді тығырыққа тіреп қойды. Әлемдік экономика биыл 2,4 пайызға тежеледі деген болжам бар. Туризм, қонақ үй, ресторан, кафе, сауда сияқты бизнестің көптеген түрлері тоқырауға ұшырауға жақын. Карантинде үйге қамалған адамдар отбасылық жақындықтың не екенін қайта електен өткізе бастады. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жаңа жағдайдың басталуы. Мен осындай қиын күндерде Елбасымыз Н.Назарбаевтың іс басында, партия басшылығында, Мемлекет басшысына ақылшы тірек, халқымызға пана болып отырғанына қуанамын. Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бастамашылдығы, шешім қабылдаудағы батылдығы, уақыт тынысын дөп басатын көрегендігі мен елдің тағдыры үшін тәуекелге бара алатын өрлігі – мыңнан, тіпті миллионнан біреуге бұйыратын қасиет. Мерейтой құтты болсын! Астанамыз – Нұр-Сұлтан күні құтты болсын!

Арман ҚЫРЫҚБАЕВТЫҢ фейсбук парақшасынан алынды