Ордабасы ауданында карантин шаралары күшейтілді
Ордабасы ауданында карантин шаралары күшейтілді
Коронавирустың алдын алу мақсатында Ордабасы ауданы әкімдігінің жанынан арнайы 4 мобильді топ құрылды.
Бүгін 4 шілдеде бірінші мобильді топ мүшелері (аудан әкімі, аудандық полиция бөлімінің бастығы, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы) ауданға қарасты елді-мекендерде орналасқан сауда нүктелері, азық-түлік дүкені, базар және бөлшек сауда орындарындағы санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің сақталуына монторинг жүргізіп, алдағы болатын карантин шектеулері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұдан өзге коронавирус инфекциясын жұқтырмас үшін қатаң санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды бетперде тағып, санитарлық-гигиеналық тазалық, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттілігін ескертті.
Сонымен қатар, аудан әкімі Н.Тұрашбеков бірнеше дәріханаларды аралап, ондағы вирусқа қарсы дәрі-дәрмекпен тұрғындарды қамтамасыз ету қызметіне тоқталып, қажетті дәрілердің үнемі болуын бақылауға алуды тапсырды.
Әрі аудандық орталық ауруханадағы қосымша провизорлық амбулатория ғимаратының қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әлемді жайлаған короновирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында ел аумағында 5 шілдеден бастап 14 күнге созылған карантиндік шектеу шаралары енгізілген еді.