Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанынан құрылатын мобильді бригадалардың қызметі халыққа тегін болатынын мәлімдеді деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл (мобильді топтар) – халыққа тегін көрсетілетін жедел жәрдемнің жаңа қызметі. Мемлекет әр шақырту бойынша МӘМС (Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру) қоры арқылы төлейтін болады. Олар науқастармен байланыста болғандардан және симптомы барлардан COVID-19-ға ПТР-тест алады», - деді министрліктен. Белгілі болғандай, мобильді бригадалар емханалар жанынан құрылған.
Қызметі - коронавирус симптомы бар және пневмониямен ауырғандарды, сондай-ақ стационарда емделіп шыққан науқастарды бақылау. «Сонымен бірге мобильді топтар созылмалы ауруы бар адамдарды, жүкті әйелдер мен балаларды үйінде бақылайтын болады. Мобильді бригадалардың қызмет төлемін Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жүргізеді. Әр шақырту үшін емханаларға 5400 теңге аударылады. Мобильді топтардың қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, пульсоксиметрлермен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етіледі», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Мемлекетік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың қатаң карантиндік шектеу шараларын енгізу туралы қаулысы жарияланған болатын.