ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандықтардың басым бөлігі әлі де коронавирусқа сенбейтінін айтты, деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Коронавирустың халықтың арасында кең таралуының басты себебі халықтың әлі де той жасап, бір-біріне қонаққа барып, сақтық шараларын сақтамауынан, дейді Тоғжанов. Оның сөзінше, әлемде қаншама адам қайтыс болып жатса да, халық вирустың қаншалықты ауыр екенін түсінген жоқ.
"Бүгінге келетін болсақ, вирустың ел ішіне кең тарауының негізгі себептері бар. Бұл халқымыздың ескертуге құлақ аспаған, немқұрайлығы болып отыр десем артық емес. Әлем бойынша бұл індетті 10 миллионнан астам адам жұқтырып, 500 мыңнан астам адам қайтыс болса да, біздің елде тығылып той тойлап, бетперде киюді әлі де ұят санайтындар жоқ емес. Мысалға келтіретін болсақ, тығылып той жасау, артқы есіктен кіріп қыз ұзату, аулаға той жасау, құдалық өткізу, ас беру, туған күн сияқты шаралар толып жатыр. Өздерің де куә. Осындай әр шараның соңында кемінде 20-дан астам адамның ауруханаға түсіп, қаза болып жатқандары да мәлім", - деді вице-премьер ОКҚ өткен онлайн-брифингте.
Сонымен қатар премьер-министрінің орынбасары карантин шараларын бұзған тұрғындарға 30 МРП көлемінде айыппұл салынатынын айтты.
"Бекітілген санитарлық-эпедимиологиялық талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 83 мың теңге, заңды тұлғаларға 600 мың теңгеден астам айыппұл салынады", - деді ол.