Халық улы қалдықтардың сақталуына қарсы
Халық улы қалдықтардың сақталуына қарсы
Арқадан арқалап болса да әкетіңдер! Степногорск қаласының тұрғындары Балқаштан жеткен улы қалдықтардың ұлы далада сақталуына қарсы! Жергілікті компания залалсыздандыру бойынша тендер ұтып алып, Балқашта 15 жыл жатқан радиациясы аса жоғары қоқысты қалаға тасыпты, деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Күлтөбенің басында күнде жиын өткізуге, топтасуға болмайды қазір. Біледі бұны бәрі. Бірақ, қайтсін? Туған жеріне улы қалдықтар әкелгенін кім құп көреді? Жұрт не де болса, мәселенің ақ-қарасын әкімнен білерміз деп жиылып еді. Сөйтсе, қоқыстың қалаға қалай, қашан жеткенінен ол да бейхабар екен.
ЕРКЕБҰЛАН БАЯХМЕТОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: "Сіздердің проблемаларыңыз, маған да ортақ, рас айтам. Біздің өзіміз бұл жағдайды бұқаралық ақпарат құралдарынан естідік. Тексеріп жатырмыз".
«У СЕБЯ ДОМ ХРАНИТЕ СВОИ ОТХОДЫ!»
«Степногорск переполнен этой заразой!»
«Эти отходы страшные! ведущие прежде всего к заболевания раком!»
Степногорскке кеше жеткен бұл қалдықтар Балқашта 15 жылдай жатқан. Жатқанда да жай жатпаған, айналасын улап, талапқа сай сақталмаған. Енді міне, 2 ай бойы көл маңайынан көп конденсатор солтүстікке жеткізілді. Неге?
ЖАННА ХОДЖАНОВА, «ОПЕРАТОР РОП» ЖШС ӨКІЛІ:
"Балқаш көлінің жағасында бұрынғы «Дарьял-У» радиолокациялық стансасының аумағында табылған улы қалдықтар дұрыс сақталмай келген. Айналасына у шашып, қоршаған ортаға өте қауіпті болды. Жылда жауапты министрліктен осы мәселеге қаржы бөлуді сұрап келдік. Кешеуілдетіп еді, биыл әйтеуір бюджеттен бөлінді. Қалдықтар Степногорскте қараусыз қалады деп ойламаңыздар. Арнайы қоймаларға қойып, барлық қауіпсіздік талаптарын сақтаймыз".
Жауапты компанияның сөзінше, бұл қалдықтар қауіпсіз.
РОМАН СЕМИКИН, КОМПАНИЯНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: "Екі жыл ішінде улы қалдықтардың қайда апарылатыны шешіледі. Бәлкім шетел асырамыз. Қандай да бір зауыт салу ойымызда жоқ. Біздің компания Балқаштан қоқысты алды, жеткізді, қауіпсіз жерде сақтап қойды. Болды. Ешқандай зияны болмайды. Қорқудың қажеті жоқ. Біз бір күндік компания емеспіз. Бұл салада тәжірибеміз бар. Тасымалдау ішкі істер министрілігімен келісіліп жасалды. Тендер бойынша да тексерсеңіздер болады. Барлық құжаттарымыз түгел".
Десе де, наразы жұрт, Балқашта жылдар жатқан сірескен сеңнің көбесі неге дәл Степногорскте сөгілуі тиіс деген сауал қойды? Сөйтсе..
МАНСҰР ОШУРБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
"Тендерді ұтып алған компания Степногорск қаласында орналасқан. Тиісті сақтау орындары бар. Халықаралық талаптарға сай келеді. Тұрғындарға, қала экологиясына қауіп жоқ".
Алайда, жұрт қалдықтарды шығарамыз деп отыр қалайда. Мейлі Балқаш, мейлі шетел ассын бәрібір.
«везите обратно!»
Мәселені шешу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды.
https://www.youtube.com/watch?v=m13VHdaHZeo