Күніне 60 мәйіт: жалған ақпар үшін жауапқа тартылады
Күніне 60 мәйіт: жалған ақпар үшін жауапқа тартылады
«Күніне 60 мәйіт шығарылуда». «Жүкті жеті келіншек короновирустан көз жұмыпты». Ақтөбеде туберкулез диспансерінде осынша адам бақилық болды деген ақпарат желдей есіп, жұртты дүрліктіріп жатыр, деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Вот «Газель» запускает. Только «Газели» выезжают, заезжают. За трупами. Вот туда едет, в морг".
Видеоны жариялаған жігіт өзінің Ақтөбедегі туберкулез диспансеріне келіп тұрғанын айтады. Және бейнежазбадан соң осы жерден күніне 50-60 мәйіттен шығарып жатқанын жазыпты. Елдің зәре-құтын қашырған жазба қалдырып, жалған ақпарат таратқан адамды енді полицейлер іздеп жатыр. Әрі ол бұл әрекеті үшін үшін заң алдында жауап беретінін айтты.
ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл Қылмыстық кодекстің 274-ші, яғни "Жалған ақпаратты тарату" бабында бар. Осы бап бойынша интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде таратылған шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың авторлары мен таратушылары жауапты болады".
Полицейлер мұндайларды қылмыстық жауапқа тартамыз десе де, құлақ асқан ешкім жоқ. Телефонына түскен видео-аудионы лезде жақынына таратып жіберетіндер көп. Мысалы, Ақтөбеде жүкті 7 келіншек коронавирустан қайтыс болыпты деген ақпарат та солай тарады. Бірақ, шенділер мұны жалған деді. Аяғы ауыр бір келіншек пневмониядан көз жұмған. Ал өкпенің қабыну дертіне қатысты жағдай тұрақталып келеді дейді мамандар.
ӘСЕТ ҚАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: «Алдыңғы апталарды қарасақ, бір күннің өзінде 250-ге таман адамды бізге пневмониямен әкелген болатын. Қазір үш күнде 246 адам. Оның 56-сы кеше түсті. Сондықтан ойлаймыз, қазір пневмонияға қатысты эпиджағдай тұрақталып келе жатыр деген сенімдеміз».
Жұқпалы індет бір жағынан қыспаққа алғанда, онсыз да жүрегі шайлыққан жұртты дүрліктетіндердің әрекеті тыйылмай тұр. Мәселен, әлеуметтік желілерде «ауаға қауіпті вирустың шашылатыны, оның балаларға тез жұғатыны» туралы ақпарат тарауда.
«Әлеуметтік желілерде түнгі сағат 02:00-де ауаға қауіпті заттың шашылатыны, оның балаларға ауыр әсер ететіні туралы ақпарат кең тарап кетті. Денсаулық сақтау министрлігі аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ескертеді. Қауесетке сенбей, тек ресми ақпаратқа жүгінуге шақырамыз».
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫНАН
Полицейлер шындыққа жанаспайтын өсек-аяңды жалпақ жұртқа жайғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Заңда 3-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
https://www.youtube.com/watch?v=dlGHIg_3lCE