Қазақстан эстрада жұлдыздары азаматтарды карантин талаптарын сақтап, үйде отыруға шақырды, деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі ҚазАқпарат сайытна сілтеме жасап.
Белгілі әнші Мейрамбек Беспаев Instagram парақшасында қазақстандықтарды сағынып жүргенін жазды. «Қадірлі ағайын, аты жаман індет күн өткен сайын күшейіп бара жатыр. Мен танитын біраз жақын адам сырқаттанып қалды. Әркім әртүрлі әңгіме айтып, сан-саққа жүгіртуде. Барынша абай болыңыздаршы. Ауырып жатқан жандарға Алла шипасын берсін. Жаныма жақын жандарды, сыры бірге достарды, жалпы бәріңізді сағынып жүрмін. Жарқылдап күліп, айқара құшақ ашып, «бауырым» деп бауырға басып амандасатын күнге жетейікші. Алладан амандықтарыңызды тілеймін» деп жазды әнші.
МузАРТ тобының әншісі Сәкен Майғазиев ауырған қазақстандықтарға тезірек жазылып кетуін тіледі. Ол сондай-ақ, жағымсыз жаңалықтарға көңіл түсірмеуге шақырды. «Әлеуметтік желілер де түнеріп кеткендей ме, қалай... Сәл де болса жылу сыйлап, үміт отын жағып, уайымдарыңызды сейілткім келеді. Уайымдамай жүрген жан кемде-кем шығар. «Мен мүлде жаңалық көрмеймін, әсіресе, сары басылымдарды көзіме де ілмеймын«, дейді қарындасым. -Неге, жаңалықтан хабардар болу керек емес пе? - десем: -»
Егер, өте маңызды жаңалық болса (өміріңізге қауіп төндіріп тұрса) оны бәрібір естисіз. Өзіңізге психологиялық соққы беретін, жүйкеңізді жұқартатын жаңалықпен жаныңызды жегідей жеп қайтесіз?«, - деген сөзіне тоқтағандай болдым. АЛЛА тағала ауырып жүрген жандарға шипа берсін. Сақтанып жүрейік, жақсылар. ЖАРАТҚАН жақындарымыздың жанымыздан табылуын нәсіп етсін. Баршаңызға АЛЛА жар болсын», - деп жазды әнші.
Ал актриса, әнші Айгүл Иманбаева COVID-19 жұқтырмаудың маңызды 5 қағидасын жариялады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін нақыл сөзді ескере отырып, COVID-19 вирусының алдын алу үшін осы нұсқаулықты сақтағандарыңыз өте абзал», - дейді ол. Әнші Қарақат Әбілдина 3 күн бұрын өзінің сырқаттанып қалғанын жазды. «Мына вирус мені де айналып өткен жоқ. Ешқайда шығып, ешкіммен кездеспеген едім, қайдан жұқты, түсінбеймін. Негізі ауада бірдеңе бар-ау. Күнде жауын жауып, ауа райы да суып кетіп еді. Оның да әсері болды ма,білмеймін ғой. Температура жоқ. Тамақтан басталып, мұрыным бітеліп, кәдімгі тұмау сияқты төбемнен әлсіздік басты. Денем біресе тоңып, біресе ысып, бірінші күні мазам болмады. Бұндай жағдайда адамға байбалам салу көмектеспейді. Жаман ойға берілмей, емді жақсы оймен қабылдау өте маңызды. Бірден тамырдан витамин араластырып, аскорбин қышқылы мен глюкоза алып бастадым. Кешегі салған тәсіл бойынша ингаляция жасап, тамақ мұрынды шайып, сұйықтықты көп ішіп, сорпаланып жылы оранып жатырмын. Балаларымызға сақ болайықшы. Ауырған адам бөлек бөлмеде болып, балаларға жақындамағаны дұрыс. Вирусқа қарсы анаферон, «C» дәріменін ішкізіп, алдын алмаса болмайды. Бөлмені кварцтап, ауаны тазартып тұру да өте маңызды. Шүкір, жағдайым кешегіден қарағанда жақсарып келеді. Алла баршамызға жар болсын. Барлығы жақсы болады», - деп жазды Қарақат Әбілдина. Айта кетейік, актриса Әсел Садуақасова коронавирус жұқтырған .
«Мен ауырып қалдым. Маған жұқпайды деп қатты үміттеніп едім. Бүкіл айналам ауырып жатқанда жұқпауы мүмкін емес. Мен үшін дұға тілеп қойыңыздаршы. Бұл жазбамда барлығыңызға денсаулық тілеймін. Мен сияқты қыдырып жүрмеңіздерші», - деді актриса.