Жаңалықтар

«Ұшақтардың у шашып жүргені рас па?»: министрлік жауап берді

«Ұшақтардың у шашып жүргені рас па?»: министрлік жауап берді

Көктен шашылған құрамы белгісіз дәріден кейін жұрт жаппай ауыра бастаған. Соңғы кездері «төбемізден у шашып жатыр», «белгісіз дәрі сепкеннен кейін жаппай құлап жатырмыз» деген сыңайдағы алып-қашпа әңгімелер көбейіп кетті. Әлеуметтік желі бетіндегі осы сарындағы жазбаларда да есеп жоқ. Бәрінің айтатыны сол бірақ-ақ нәрсе: Көктен шашылған құрамы белгісіз дәріден кейін жұрт жаппай ауыра бастаған-мыс. Жұрттың айтуынша, дәл қазіргі ушығып тұрған пневмония ауруы да осындай «құпия түрде» жасалған дезинфекциялық жұмыстардан кейін басталған. Мәселен, Тамара Жолдас (Tamara Sholdas) есімді facebook қолданушысы «У шашып кеткен соң, Атырауда пневмония өршіп кетті. Әр 3 адамның 1-і ауырып жатыр! Не сұмдық? Тоқтатыңдар, халықты улауды!!! Пневмония адамнан адамға жұғып жатқан жоқ! Ауаға «У» шашқаннан қынадай қырылып жатырмыз. Соны қашан ұғасыңдар?» деп бір емес екі жазба жариялаған. Тағы бір айта кетерлігі, белгісіз зат арқалаған мұндай ұшақтар еліміздің алыс елді мекендерінен де жиі байқалатын болған. Ғаламтор бетінде жүрген осындай бейне жазбалардың бірінде ұшып өткен ұшақтардан кейін аспаннан құстың мамығы немесе жастықтың ішіне салынатын жұмсақ материалға ұқсас зат жауатыны айтылады. Бірақ бейне жазбада нақты қай өңір екені айтылмайды. Тағы бір бейне жазбада артынан қою түтін қалдырып бара жатқан ұшақ бейнеленген. Айтуларынша, бұл өңірде ешқашан ұшақ ұшып көрмеген. Айтпақшы, бұл жазбаларды Әзімхан Адай есімді facebook қолданушысы жариялаған. Сол секілді, Назарбек Сұлтанұлы Қадыр да өзінің facebook парақшасында бұл мәселеге қатысты алаңдаушылығын білдірген. «Сонымен, ағайындар, тас төбемізден не шашып жатқаны белгілі болды ма!? Біздің әкімиятта бұл «шашудың» мәнін түсіндіріп беретін мұсылман бар ма өзі? Жалпы, Қазақстанның үкіметінде, «Елім үшін жан пида» - деп, тажалдың бұл ойынын, жөйіттердің бар жоспарын әшкере қылып, шейіт кететін ағаларым бар ма ?! Емханаларда, қарапайым дәрігерлер, елге жаны ашып, «Бұл «көгит-19»-дың әлі екінші толқыны бар, ешқайда шықпаңдар» деп, шырылдайтын көрінеді. Бұл болжамды қайдан алды олар!? Әлде анық біліп отыр ма!? Тәңірдің тал түсінде, көзді бақырайтып қойып, ешқандай ескертусіз, төбеңнен бірдеңе шашады... Бұл не сұмдық!? Кешелі бері бақылап отырмын, халық сұрау салады, түсіндіріп беретін бір жанашыр, бір шенді жоқ. Құдайдан басқа панамыз қалмады-ау, білем...», - деп жазған. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі түнде улы зат шашылғаны туралы хабарламаға қатысты жауап берді. «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желілерде түнгі сағат 2:00 шамасында балаларға улы зат шашылғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды. Сіздерден, құрметті азаматтар, әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған хабарламаларға сенбеуді сұраймыз, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз. Барлық расталған ақпаратты сіз Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан және министрліктің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан ала аласыздар», - делінген хабарламада. Ақпарат: Skifnews.kz порталынан