Жаңалықтар

COVID-19-ды анықтайтын тест жедел жәрдем көліктерінде жасалады

COVID-19-ды анықтайтын тест жедел жәрдем көліктерінде жасалады

Осы қиын-қыстау кезеңде тағайындалған су жаңа Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін алғаш брифинг өткізді. Жиында еліміздің бас дәрігері, коронавируспен алдағы уақытта қалай күресетінін мәлімдеді. Енді, бұдан былай науқасқа COVID-19 инфекциясын анықтайтын тест жедел жәрдем көлігінде жасалатын болады. Ол үшін, жедел жәрдем бригадасына қажетті материалдар беріледі. Айта кету керек, алдағы уақытта 1,2 млн тест сатып алу жоспарланып отыр. Сол мақсатта бюджеттен 1 млрд теңге бөлініпті. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Қазір елімізде коронавирусты анықтайтын 46 лаборатория бар. Алайда, ПТР-тесттің тапшылығына байланысты көбісі жұмысын уақытша тоқтатқан. Бірақ, алдағы уақытта қажетті метриалдар алынған соң, зертханалардың барлығы жұмысын қайта жандандырады. Одан бөлек, тамыздың соңына дейін, қосымша 20 орталықты ашу жоспарланып отыр екен. Вирусты табу үшін, жедел жәрдем бригадаларына да қосымша тест берілмек. Бұл инфекцияны 2,5 есе тез анықтауға септгіні тигізеді. АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: "Инфекцияның тұрғындар арасында тез тарап жатыр. Жаппай жұқтыруға жол бермеу үшін, тиісті шаралар қолданылуы мүмкін. Әрине, бұл азаматтарымызды алаңдататып отырған жалғыз мәселе емес. Бірақ, қайталап айтайын, Үкіметтің осы жағдайдан шығу бойынша нақты ұстанымы бар. COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін нақты жоспар құрылды. Сіздерді бізбен бірге болып, медициналық қызметкерлерге қолдау көрсетуге шақырамыз. Инфекция емес, жақсы әдеттер тарататын сәт жетті". Одан бөлек, енді жағдайы ауыр науқастарға медициналық көмек үйлерінде көрсетіледі. Ал, амбулатория-поликлиникалық ем қабылдау қашықтықтан жүргізіледі. Ол үшін аймақтардағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша 3 мың мобильдік топ құру жоспарланып отыр екен. Ол бригада медициналық қызметкерлерді науқастардың үйіне алып барумен айналысады. Осыған қармастан, су жаңа министр вирусқа шамамыз жетеді, - деп өз амбициясын көрсетіп қалды. АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: "Қазір инфекция әр үйге таралу кезеңіне көшті. Әрбір отбасы осы мәселемен бетпе-бет келді. COVID-19 жұқтырғандар күн сайын өсіп жатыр. Бүгінгі жағдай бойынша елімізде 40 мыңға жуық адамда вирус анықталды, бақилық болғандар да бар. Медициналық ұйымдар соңғы айда күшейтілген режимге көшті. Медицина қызметкерлері науқастармен үнемі қарым-қатынаста болғандықтан, ауырып қалып жатыр. Бұл кадрдың жетіспеушілігіне әкеп соғуда. Бірақ, ресурстар бар және біздің шамамамыз жетеді". Қазір инфекция жұқтырғандарға ең бірінші өкпені жасанды желдету аппараты жетпей жатыр. Мәселен, елімізде осы бір қымбат құрылғының саны бар-жоғы 3294 дананы құрайды екен. Алдағы уақытта, 1 мың данасын сатып алу жоспарланып отырған көрінеді. Ал, тамыздың соңына дейін стационарларда қосымша 10 мың төсек-орын даярланбақ. АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: "Бұл вирустың бір ерекшелігі  пациенттер көбіне стационарлық ем-домға және тыныс алуды жасанды түрде қолдауға мұқтаж. Қазіргі таңда, елдегі стационарлық төсек-орындардың толымдылығы - 60% құрап отыр. Елорда мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш  90%-ке жетті. COVID-19 пациенттерін емдеу үшін 348 медициналық ұйымда 26 мың төсек-орындар әзірленді". Ауыл-аймақта тұратындардың жағдайы да бүгінгі брифингте сөз болды. Қазір, елімізде ауылды жердегі халықтан тест қабылдайтын 7 жылжымалы мобильді зертханаға қосымша тағы 8 пункт сатып алу көзделіп отыр екен. Ал, аймақтардағы ветеринарлық және ауруханалық лабароториялар коронавирусты анықтайтын орталыққа бейімделетін болады. Сондай-ақ, марқұмдарды жерлеу мәселесіне де бірқатар өзгерістер енгізіледі. Бұдан былай, вирустан қайтыс болған адамдарды туыстары арулап, кез-келген бейітке қоюына рұқсат. Бірақ, барлық санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Мәйітті ет жақындарына бермей қою болмайды деп сендірді Цой мырза.