Қазақстанда электр энергиясы қымбаттайды
Қазақстанда электр энергиясы қымбаттайды
1 шілдеден Қазақстанда электр энергиясы қымбаттайды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаев мәлім етті.
Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап хабарлайды.
«Электр қуаты нарығынан алынатын табыстың көп бөлігі станция жабдықтарын жаңғыртуға және қайта жаңартуға бағытталуы тиіс. Алайда, болжамдық бағалаулар бойынша бұл қаражат өзінің парктік ресурсын өтеген станциялардың жабдықтарын жаңғырту мен жаңартуды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Осылайша, станциялардың тозу деңгейі жылдан-жылға артып келеді және қазіргі уақытта шамамен 60 пайызды құрайды. Осыған байланысты электрмен жабдықтау сапасына қауіп төніп тұр», - деді А. Дәрібаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, энергия өндіруші ұйымдардың (ЭӨҰ) шекті тарифтерінің қазіргі деңгейі ЭӨҰ шығындарын толық көлемде жаппайды және станциялар электр қуаты нарығынан кірістердің бір бөлігін ағымдағы шығындарды жабуға бағыттауға мәжбүр болады. Бұл факт электр қуаттарының авариялық істен шығуының, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасының төмендеуінің оқиғаларымен расталады.
«Осындай жағдай Қазақстандық тұтынушыларды көрші елдерден электр қуаттарын реттеу жөніндегі қызметтерді жылына 8 млрд теңгеден астам сомаға сатып алуға мәжбүр етеді. Бұл да электр энергиясының түпкілікті бағасына әсер етеді», - деді департамент басшысы.
Сонымен қатар ол министрліктің құзыретіне жеті жылдық кезеңге энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтерді бекіту мәселелері кіретінін еске салды. Халық үшін тарифтерді түзетумен Ұлттық экономика министрлігі айналысады.
«Электр энергиясына арналған тарифтер Заңға сәйкес 7 жылға белгіленеді, бұл ретте энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шығындары нақты ұлғайған жағдайда, энергия өндіруші ұйымдар уәкілетті органға шекті тарифтерді түзетуге өтінім беруге құқылы. Осыған байланысты Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдары сәуір айында топтар бойынша шекті тарифтерді түзетуге өтінім берді. 44 энергия өндіруші ұйымның 35-інен өтінім берілді. Оларды қарау кезінде министрлік әр жағдай бойынша жеке тәсілді қолданды. Дер кезінде шешуді талап ететін өтінімдер назарға алынды», - деді Дәрібаев.
Бұйрықтың жобасы 2020 жылғы 10 маусымда ашылған НҚА сайтында жарияланды. ҚР «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен және Энергетика министрлігінде тіркелген сараптамалық ұйымдармен талқылаулар өтті. Бұйрық жобасы қоғамдық кеңесте қаралды, сондай-ақ ашық НҚА порталының электрондық алаңында талқыланды.
Тарифтерді түзету «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы «Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы № 514 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен ағымдағы жылдың 29 маусымында жүргізілді.
«Бұл бұйрық 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілуі тиіс. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа ұлғаюы 16 пайыз деңгейінде болжануда», - деді департамент басшысы.
Оның атап өтуінше, біртұтас электр энергетикалық жүйесінің батыс аймағынан басқа Қазақстанның барлық аймақтары бойынша электр энергиясын іске асыратын Екібастұз ГРЭС-1 шекті тарифі шамалы деңгейде, яғни 0,7 пайызға ұлғаяды. Ұйымдардың басқа станциялары тарифтерінің ұлғаюы аясында Екібастұз ГРЭС-1 шекті тарифінің сақталуы соңғы тарифтерге ең аз деңгейде әсер етеді.
«44 энергия өндіруші ұйымның 9-ы бойынша тариф бұрынғы деңгейде сақталған. Бір энергия өндіруші ұйым бойынша тариф 7 пайызға төмендетілді. 18 энергия өндіруші ұйым бойынша тарифі 20 пайызға дейін өсті, қалған 16 ЭӨҰ-ның тарифі 20 пайыздан артық болды. Электр станцияларының шекті тарифтерін уақтылы түзету алдағы күзгі-қысқы кезеңдерден сәтті өту және биылдан бастап авариялық жағдайларды азайту үшін оларды жаңғырту жөніндегі жұмысты бастауға мүмкіндік береді», - деді А. Дәрібаев.
Ведомство мәліметінше, ЭӨҰ шекті тарифтері өзгерген кезде статистикалық орташа пәтерлер бойынша соңғы тұтынушылар үшін электр энергиясын төлеуге арналған орташа чек ағымдағы шоттарға айына 200 теңгеден аспайтын шамаға төртінші тоқсаннан ерте емес мерзімде ұлғайтылуы мүмкін.
«Бұдан басқа, электр энергиясына шекті тарифтерді қайта қарау 44 энергия өндіруші ұйымның өндірістік персоналының 27 мың жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді. Себебі осы адамдардың жұмысынан елді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету тікелей байланысты», - деді ол.