Жаңалықтар

Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді

Елімізде осы пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп кеткен. Мұндайды тоқтату үшін үйдегі есерсоқтарды ғана емес, құзырлы органдарды да жауапқа тарту мәселесі қаралуда. Қазіргі таңда Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен әлеуметтің, әсіресе әлсіз топтың мәселесіне жауаптылардың жұмысы мен міндеттерін айқындайтын жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр екен. Бұл құжат отбасындағы әлімжеттікпен күресте тікелей жауапты мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырып, жұдырық ала жүгіретіндердің жазасын қатаңдатуды көздейді. Ел алдында есеп берген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева үй ішіндегі тоқпақтың, әсіресе, жұрт жаппай карантинге қамалған кезде көбейгенін тілге тиек етті. Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. АИДА БАЛАЕВА, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ: «Сандар күн сайын еселеніп жатыр. Әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 20-25 пайызға артты. Бас прокуратура бұл статистиканың 2017 жылдан бері тоқтаусыз өсіп келе жатқанын айтады. Ол жылы отбасындағы құқықбұзушылықтар бойынша 446 іс қозғалса, былтыр тіркелген жағдайлар мыңнан бір-ақ асты. Сол себепті маңыздылығын ескеріп, мәселені дөңгелек үстел басында талқыладық. Сарапшылардың нақты ұсыныстары мен кеңестері ескеріледі". Соңғы кездері ажырасудың да артып кеткенін айтты министр. Былтыр үйленгендердің жартысына жуығы үй бола алмаған екен. 2019-да 60 мың шаңырақ шайқалған. Бұл өткен жылы отау құрғандардың 43 пайызы. "Мемлекет басшысының жолдауында басымдық берілген негізгі бағыт - отбасы мен оның тұрақтылығы десек те, жаңа қоғамда көзғарастар өзгеріп, құндылықтардың қатты сыналып жатқаны байқалады", - деді Аида Балаева. Сорақысы сол, жалғызбасты аналарға арналған Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін көп әйел күйеуімен ат құйрығын кесіспей-ақ, ажырасуға арыз беріп, неке қию туралы куәліктің күшін жояды екен.