Жаңалықтар

Карантин кезінде тауарларды онлайн алдырған халық алданып қалды

Карантин кезінде тауарларды онлайн алдырған халық алданып қалды

Елде карантин енгізілгелі жұрт жаппай онлайн саудаға көшкені белгілі. Алайда, халық оның қызығынан гөрі, шыжығын көп көрген тәрізді. Небәрі бірнеше айда онлайн сауда арқылы тауар алған  50 мыңнан астам адам  шағымын айтып, тиісті органдарға наразылығын білдірген. Сонымен үйден шықпай, телефон арқылы шопинг жасағандарға нені білу керек? Түйеге тапсырыс беріп, биеге де жете алмай қалғандар ақшасын қайтара ала ма? Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі  Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап  хабарлайды. ӘБДІРАХМАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Менің тапсырыс берген күрек емес, басқа зат салып жіберген екен. сосын сол салып жіберген адамдармен сөйлесейін десем, олар ешқандай телефонға жауап бермейді. Ешқандай уатсап желісіндегі хабарламаларға да жауап бермейді.» Елімізде онлайн сауда әсіресе, карантин кезінде қыза түсті. Үйінен шыға алмай, төрт қабырғаға қамалған халықтың онлайн шоппинг жасауынан басқа амалы қалмады. Сұраныс бірден бірнеше есеге артты.  Алайда, телефон арқылы тапсырыс бергендердің дені сапасыз қызметке реніштерін білдіріп әлек.   Тиісті органдарға 50 мыңы шағымданыпты.  Араларында алматылық Айгүл Әлиева да бар. АЙГҮЛ ӘЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Маған сонда 4 есе бағасын төлетіп отыр интернет магазин. Бұл енді таза алаяқтық деп ойлаймын. Енді кеше мен почтаға бардым сонда айтты бізде мұндай случай өте көп деп. Сіз қазір посылканы қайта жібересіз потом сіздің посылкағыз да жоқ, ақшаңыз да жоқ. Сосын қаласыз. Лучше өзіңізге алып қалыңыз деп айтады» Кейіпкерлеріміздің сөзінен ұққанымыз, сапасыз тауарға ұрынғандардың дені өз құқығын білмейді екен.  Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырғанды жөн санайды.  Алайда қарағандылық Жанна Әбдуалиева істі сотқа дейін жеткіземін деп бекініп отыр. Өйткені мына бір  оқиға ашуына қатты тиіпті. ЖАННА ӘБДУАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Онлайн режиммен алған кезде өздері меннен отзыв сұрады. Планшетке. Отзывқа сосын мен планшет жақсы емес, качествосы нашар деп жазған менің отзывымды олар өшіріп тастапты. Енді мен сотқа жүгінуге барып отырмын осы магазинге» Бұл ретте  тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымның төрайымы онлайн сауда арқылы сапасыз тауарға ұрынғандар 30 күн ішінде ақшасын қайтара алады, дейді. СВЕТЛАНА РОМАНОВСКАЯ, ТҰТЫНУШЫЛАР ҰЛТТЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:   «Онлайн сауда арқылы келген тауар сіздің ойыңыздағыдай болмаса, немесе бағасы  әу баста келісілгеннен  ең құрығында бір теңгеге де көп болса, сіздің өтемақы талап етіп, сатушыны заң алдында жауапкершілікке тартуыңызға әбден болады.  Заң бойынша солай.» Бүгінде жұрт реті келсе, тауардың барлығын онлайн түрде алуға тырысады. Өйткені, бұл уақытты біршама үнемдейді. Тіпті тамаққа да телефон арқылы тапсырыс береді.   Алайда қазірде оған да сенім жоғалғандай.  Пиццаға  түкірген екібастұздық курьер есіңізде болар? Сонда қайтпек керек? Мамандар онлайн сауда арқылы тапсырыс берген әр тауарды бірінші жіті тексеріп, содан кейін ғана ақшасын төлеуге кеңес береді. Сонда сапасыз тауарға ұрынғандардың саны да біршама азаяр еді дейді.