Отырарлық өнер көші Түркістанға келді

08 Қазан, 2018 840 0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен түркі халықтары үшін қасиетті мекен Түркістан қаласының облыс орталығы атануына орай Түркістан қаласында облыстың аудан, қалалары «Түркістанға сәлем» атты мерекелік-концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды Newsroom+ ақпарат агенттігі аймақ әкімдігіне сілтеме жасап.

Имандылық пен тазалықтың ұясы, қазақ өркениетінің алтын діңгегіне баланған Отырар ауданының 150-ге жуық өнерпаздары түркі дүниесінің алтын бесігі – рухани астанаға өнер сәлемімен келді.

Облыс орталығындағы мерекелік шарада отырарлық қолөнер шеберлері төл өнерімізден шеберлік сабақтарын көрсетіп, көрмеге қойылған 200-ден аса туындыларын таныстырды. Оның ішінде суретші Әділхан Мәліктің Отырар жайлы 30 тарихи туындысы мен белгілі гобеленші Бақыт Амангелдиевтің 20-ға жуық жұмыстары, қолөнер шебері Жанұзақ Ерімбетовтің саз балшықтан жасаған құмыралары, ақ жаулықты әжелердің құрақ көрпешелері мен жастықтары сынды түрлі оюлы бұйымдар да бар.

Түркістан аспанын әуелеген әнмен көмкерген концерттік бағдарламаны ҚР мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаева «Отырардағы той» әнімен ашса, белгілі әнші-сазгер Берік Сексенбекұлы өз шығармашылығынан «Түркістаным», «Шәуілдір кеші» сынды әндерді орындады.

Дәстүрлі әншілердің ән шеруі, халық аспаптар оркестрінің орындауындағы тамылжыған күйлер, аудан өнерпаздарының әндері мен мың бұралған билері мерекелік кешті жандандырса, түркістандықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған мерекелік-сазды бағдарлама жастардың әуезді кешімен жалғасты.

 

Тегтер: Түркістан, әнкеші, өнер, мәдениет

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.