Қызымның балалық махаббаты "бақыт" сыйлады !
Қызымның балалық махаббаты "бақыт" сыйлады !
Жасы 50 ден асқан апай, кішкентай нәрестемен әлек. Әлдилеп, көтеріп жүр. Бір қарағанда кенжетайы немесе немересі деп ойлап қаласың. Алыстан қадағалап, өмірінің мәні екенін бірден ұғуға болады. Баласы болса да, немересі болса да өзінікі.
Саябақта бір орындыққа келіп жайғастық. Баласына бөтелкемен су бере бастады.
-Бір жасқа толды ма?
-Туғанына тоғыз ай, үш айдан соң жасына толады.
-Түсінбедім?
-Алты айлық кезінде дүниеге келді. Көретін жарығы бар екен періштенің. Өмір сүруі екіталай болған соң, Өмірбек деп есім қойдық. Шалабай деп еркелетеміз. Анасы қайда деп сұрағың келіп тұрған шығар?
-А, жоға!
-Үкілеп өсірген қызым 20 жасында махаббат қуып кетті. Тағдырдың жазғаны сол шығар. Қыз тәрбиелеп отырған соң, ештеңе айтқым келмейді. Қыздың бармақтай бағы болмаса қиын екен,-деп ішкі сырын ақтарып, Салима деп өзін таныстырған апай.
-Ұрыс бір жақтан шықпайды. Қызды қатал ұстау керектігін бала күнінен санасына сіңіріп өсіретін қазақпыз. Тәрбие беруден әкесі екеуіміз жаңылмадық деп ойлаймын. Алғашында үйге қайтып келгенде, "өлігің сол үйден шықсын" деп өзім қайтып апарып тастағанмын.
"Өз шешең керек етпеген, сен кімге керексің" деп күйеуі мен енесі қоса сабапты. Бала үшін ана барлық қиындыққа төзеді. Осылай жүргенде қызым алты айында босанып қояды. Өз қолыммен қызыммен қоса немеремді мүгедек ете жаздадым. Елдің өсегі мен ұятты бір шетке ысырып қойып, перзенттерімді аман алып қалуды қарастырдым.
Құдалар "ауру бала керек емес" деген соң, құжат бойынша немеремді өз атыма ауыстырдым. Қызымды өз панама алдым. Осылайша қызымның балалық махаббатының жемісі, маған "бақыт" сыйлады. Төрт баламызға, бесінші перзенттің ата-анасына айналдық.
Ерке-Сұлу НҰРМАН