Жаңалықтар

Бір рейтингте 200 -дікке енген университеттеріміз басқа рейтингте мыңдыққа да ілінбеген

"Халықаралық рейтингте топ жарды". "Әлемнің үздік 200 оқу орнының қатарына еніпті". Мектептен түлеп ұшқан талапкерлерді жоғары оқу орындары тары шашқандай осындай мадақ-марапаттарымен өз қатарларына шақырып жатады. Әсілінде солай ма? Қазақстандық университеттер әлемдік білім альма-матерлерімен иық тіресе алатындай деңгейде ме? Жоқ әлде үздік білім орындарын анықтайтын компанияларды жалған статистика алып, алданып  жүр ме? Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі   Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Бұл күні жоғары оқу орындарын бағалайтын халықаралық рейтингтердің саны көп. Сапасына қарай біздің мемлекетте Шанхай, «Times higher education» және «QS World university rankings» рейтингтері жоғары бағаланады. Міне, соңғы аталған зерттеуге біздің бірқатар білім ордасы ілініпті. «QS World university rankings» рейтингі әлемнің 1000 үздік жоғары оқу орнының тізімін жариялады. Бұл кестеде әл-Фараби атындағы ҚҰУ - 162 орында. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ  357 орын алған. М.Әуезов атындағы ОҚМУ - 490 орын бұйырыпты. Еуразия ұлттық университетіне хабарластық. Ақбота Жолдасбекова оқу орнында Үндістан, Жапония, Сирия деп басталатын әлемнің 40 мемлекетінен келген студенттер оқып жатқанын айтты. Ал, халықаралық рейтингте 357 орын алу, бұл тек бер жағы екен. АҚБОТА ЖОЛДАСБЕКОВА, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ: «Иә бұл үлкен жетістік. Бірақ, сонымен қатар бұл да біздің жеткен орнымыз ғана емес. Бұл өзіміздің ресурстарымызды, мүмкіндіктерімізді, кем кеткен жерлерімізді анықтап, енді қай жерге көңіл бөлу керек екенімізді айқындайтын рейтингтердің бірден бірі». Осы  «QS World university rankings» рейтингіне ену үшін жоғары оқу орындарына қандай талап қойылады? Ұйым академиялық беделге, оқытушылық құрамның студенттерге шаққандағы үлесіне, жұмыс берушілер алдындағы беделіне, ғылыми журналдарда дәйексөз ретінде аталуына, оқытушылық құрамның сапында шетелдік мамандардың болуына және студенттер қатарында шетелдік азаматтардың төбе көрсетуіне мән береді екен. «QS» тізімінде 165, 357 орын алған университеттеріміз, өзге рейтингтерде мыңдыққа да ілінбей қалған. Жалпы бұл көрсеткіштерге сенуге бола ма? АСЫЛБЕК ҚОЖАХМЕТОВ, АЛМАТЫ МЕНЕДЖМЕНТ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ «Бір жағынан тексеріледі. Екіншіден бәрін бірдей тексеру мүмкін емес. Бірнеше рейтинг, бірнеше аккредитация, түлектер не бизнес баға беріп сол бағалардың бәрі хабарды берсе демек ол реалды баға деп санауға болады». Білім саласының сарапшылары мұндай көрсеткіштерге 100 пайыз сенуге болмайды дейді. Себебі, кей университеттер статистиканы мың құбылтып, манипуляция жасауы мүмкін екен. БАУЫРЖАН АБУОВ, «BTS-EDUCATION» КОМПАНИЯСЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАНЫ, «БІЛІМ БЕРУДЕГІ КӨШБАСШЫЛЫҚ» САЛАСЫНЫҢ МАГИСТРІ «Кейбір қазақстандық жоғары оқу орындары шетелден әріптес болатын университетті табады. Меморандумға қол қойып, қос бірдей диплом береміз дейді. Бірақ білім беру  процесіне  өзге мемлекеттегі әріптестері тіптен қатыспайды. Мұндай амал-айланың студенттерге түк пайдасы жоқ. Одан қалды шетелден оқытушы алдырады. Ол бір жерде ғана емес, бірнеше университетте сабақ береді. Сол арқылы  оқу орындарының статистиканы жақсарады. Тағы бір манипуляцияның түрі осы.  Іс жүзінде қарайықшы, егер білім беру сапасы төмен болса, жатақханалар, кітапханалар жетіспесе,  халықаралық рейтингте бір білім ордасының  1974 орында тұр деген атағы кімге керек?». Университтің нақ дейгейін анықтау үшін бірқатар өлшемдер керек. Кәсіпкерлер палатасы өткен жылы өз тізімін жариялады. Олар түлектердің жұмысқа орналасуы мен жалақыларының көлеміне негізделе отырып баға беріпті. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл тізімнің алғашқы бестігінде  әлемдік рейтингті бағындырған жоғары оқу орындары жоқ. Кэмбридж университетінің білім магистрі Нұрмұхаммед Досыбаев қазіргі жағдайда біздің елге экониканың дамуына үлес қосатын, жұмыс өнімділігін арттыратын мамандар қажет, дейді.  НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ, ҰСТАЗ, КЭМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІЛІМ МАГИСТРІ: «Элементарно бізге специалистер жетіспейді. Қанша сала бойынша. Инновациялық деңгейдегі мамандарды айтпайын, ғылыммен айналысатын. Бізге қарапайым мамандар жетіспейді. Сол себепті менің ойымша университеттер бірінші специалист, мемлекеттік университеттердің өзі, ұлттық университеттер дұрыс специалист шығаруға көңіл бөліуі керек». Рейтинг жайлы тағы бір қызық айтайын. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар.  Ол жерде университеттер халықаралық тізімдерге ілігуі керек деп жазылған, бірақ міндеттеу жоқ екен. «QS» сияқты зерттеуге отандық оқу орындары ілінсе, оларға министрлік былай көмектеседі. БАНУ НАРБЕКОВА, ҚР  БҒМ ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНАН КЕЙІНГІ БІЛІМ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Шетелдік топ менеджерлерді шақыру. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан белгілі бір қаржы қарастырылған. Сосын шетелдік студенттерді шақыру және мына өзіміздің университтердегі студенттердің шетелде академиялық ұтқырлық арқылы шығу оны да мемлекет тарапынан қолдап отырмыз. Осы университттерге мүмкіндік береміз». Білім рейтингі деген жақсы-ақ. Тек одан сабақ ала білсек. Университеттеріміз барын салып, әлемдік талаптарға сай боламыз деп ұмтылса  керемет емес пе? Алайда, статистика мен шынайы атқарылған істің арасы тым алшақ болса, онда халықаралық тізімде  төбе көрсеткеннің құны бес тиын.