Жаңалықтар

Қазіргі жаңалық – әп-сәтте тарих - Асқар Умаров

Қазіргі жаңалық – әп-сәтте тарих - Асқар Умаров

Журналистиканың дәуірі өтті, қазір оның орнын блогерлер, әлеуметтік желі мен мессенджерлер алмастырып жатыр дегенді жиі естиміз. Бұл пікірмен келісесіз бе? Жалпы, медиа саласы қалай құбылып жатыр?
– Әлеуметтік желі БАҚ-тың бірқатар рөлін иемдене бас­­тағанын мойындау керек. Сатып алушы сатушыға тікелей шыға алады. Саясаткерге өзінің бағдарламасын сайлаушыға та­ныстыруы үшін телеарнаға барудың қажеті де жоқ. Соған қарамастан, БАҚ рөлі айтар­лықтай жоғары деңгейде қала береді деп ойлаймын. Қалай болғанмен де әлеуметтік желілер негізгі контентті ақпарат агент­тіктерінен, газет пен телеарналардан алады. Сондықтан жаңа реалияға бейімделіп жұмыс істеу қажеттігі туындап отыр. Егер бұ­рынырақта «Бүгінгі жаңалық – ертеңгі тарих» деген концепция болса, бүгін бұл «Қазіргі жаңалық – әп-сәтте тарих». Дегенмен мұндағы бір мәселе – сапалы ақпарат тарату. Шынайы ақпаратты әлеуметтік желідегі кез келген хабармен алмастыру аудиторияның психологиясына сіңіп алған. Мәселен, жұрт БАҚ-та жарияланған ақпаратқа ғана сенуге болатынын біледі. Солай бола тұра, қазір әлеуметтік желі де медиа ретінде қабылданып жүр. Салиқалы БАҚ кез келген ақпараттың шығу қайнарын тек­серіп, анық-қанығын тәптіш­тейді. Ал жауапкершілігі жоқ паб­ликтер тексерілмеген ақпа­рат­ты желіге жариялай салады. Міне, осыдан барып қым-қиғаш, қолдан жасалған фейк-ньюс қаптайды. Алайда бүгінгі таңда аудиторияның әртүрлі ақпараттар ағынынан шаршағанын, сапалы контент платформасын іздейтінін аңғара бастадық. Бұл, әсіресе, төтенше жағдай режімі кезінде анық байқалды. Ресми БАҚ-тың (мемлекеттік қана емес, жалпы ақпарат агенттіктері, газеттер, телеарналар) рейтингі бірден көтерілді, өйткені аудиторияның сенімді ақпаратқа деген сұранысы күрт артты. – Жалпы, осы төтенше жағ­дай мен карантин кезеңінде «ҚазАқпарат» қалай жұмыс істеді? – Барлық БАҚ секілді біз де қашықтан жұмыс істеу форматына көшуге мәжбүр болдық. Жаңалықтар қызметіне қашан­да «тірі» контент керек, сол жағынан аздап қолайсыздық туын­дағаны болмаса, соңғы жыл­дары заман сұранысына икем­деліп, қашықтан жұмыс істеу тетіктерін игере бастаған біздің қызметкерлер үшін карантин режіміне бейімделу соншалықты қиын болған жоқ. Негізгі проблема контент жасаудағы алаңның тарыла түсуіне ғана қатысты деп ойлаймын. Өзіңізге белгілі, карантиннің, коронавирустың кесірінен журналист жүзбе-жүз сұхбат ала алмайды. Бұқаралық шараларға тыйым салынған. Баспасөз мәслихаттары тек онлайн режімде өтті, олардың өзі тек коронавирустың айналасында. Аудитория да коронавирус туралы ақпараттан мезі бо­лып, әр алуан контент талап ете бастады. Міне, осындай сұранысқа сай болу үшін пси­хо­лог­тармен тікелей эфирлер өткіздік, тарихи очерктер жасадық, үйдегі онлайн-концерттер ұйымдастырдық, «адамдық келбет» материалдарын көптеп жинап оқырманға ұсындық. Жалпы, көп дүние жасалды. Ақпарат порталдарының ғана емес, «Қазақстан тарихы», El.kz секілді тақырыптық жобалардың да рейтингі көтерілгенін бай­қадық. Жалпы алғанда, біз­дегі бар­лық ресурстың, әсіресе әлеу­меттік желідегі аккаунт­тар­дың оқырмандар саны артты. Бұл сапалы әрі сенімді контенттің маңызын көрсетеді. Төтенше жағдай тәжірибесі нені көрсетті? Бірінші кезекте бәрінің де – журналистер мен редакторлар, фотоқызмет пен дизайнерлер, бухгалтер мен кадр қызметкерлерінің қашықтан жұмыс істей алатынын көрсетті. Дегенмен, кеңседегі жұмыстың тиімділігі жоғарырақ екені рас. – Сіз «Хайпократия» тер­минін жиі қолданасыз. Бұл нені білдіреді? – Әлеуметтік желілер мен мес­сенджерлер қазірдің өзінде өте ауқымды аудитория үшін ақ­параттық күн тәртібін қалып­тас­тырып жатыр. Олар кейде манипуляция құралына, виртуалды тобырдың көңіл күйін басқару тетігіне де айналып жатады. Аудитория әлеуметтік плат­фор­малардың еркіндік және бейтараптық иллюзиясына бой алдырады. Олардың осы осал тұсын пысықайлар манипуля­тивтік мақсаттарға пайдаланады. Соның салдарынан «Айғайшыл азшылық орталықтары» пайда болғаны да жасырын емес. Олар яғни тролльдар, хайпожорлар мен киберқауымдастықтар өздерінің «жалдамалы» көзқарасын тық­палау мақсатында әлемжелі ал­горитмінің ерекшеліктері мен олқы тұстарын пайдаланады. Нәтижесінде әлеуметтік желіде көтерілген хайп (шу) пен қолдан жасалған байбалам салдарынан шұғыл шешім қабылданатын кейстер де орын алып жатыр. Міне, Хайпократия деген осы – «айқайшыл азшылық диктатурасы». Бұл дұрыс емес. Маңызды ше­шімдерді қабылдауға еш­қан­дай да эмоция себеп болмауы тиіс. Мәселен, Британиядағы Dayli Mail таблоидының тиражы салмақты Guardian-ға қарағанда бірнеше есе көп. Алайда ма­ңыз­ды шешімдер қабылдау орталық­тары негізінен таблоидқа емес, салиқалы басылымға жүгінеді. Қазір адамдар хайптан жалыға бастады. Сондықтан сенімді ақпарат тапшылығына жол бермеу керек. Ол үшін сапалы факт­чекингтер жасалуы тиіс және қолданбалы әрі нақты ақпарат арқылы аудиторияны сенімді ақпарат айналымына енгізіп отыру қажет. Төтенше жағдай ре­жімі мезгілінен қарапайым ғана мысал: әлгі 42500 теңге туралы ақпаратты іздегенде ең бірінші «ҚазАқпарат» сілтемесі шығып, сосын ғана арнайы ресурстарға жол көрсетілді. Рейтингті еш манипуляциясыз, хайп пен фейксіз кәдімгі қажетті ақпараттардан да жасауға болады. Осы тұрғыдан алғанда, «адамдық келбеті» бар сапалы ақпараттарды «сары» жаңалықтарға қарсы қоюға болатын бірден-бір формат деп ойлаймын. Әрине іздеу жүйелерінен, әлеуметтік желілерден жар­нама сатып алып, траффик түрлен­діре беруге де болады. Кейбір БАҚ, паб­ликтер әлеуметтік желі­де солай істеп те жүр. Бірақ бұл тиімді жол емес. Жасанды ауди­торияны ұдайы ұйысты­рып тұру керек, бұл дегеніңіз «бос орынға» ақша шашумен тең. Ал бізге бұл керек емес, бізге шынайы траффик керек, сенімді ақпаратқа арқа сүйейтін нағыз сапалы аудиторияның болғанын қалаймыз. Осы ретте бір үрдіске назар аудартайын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деп аталатын барынша принципті талабы барын білесіз, бұл – қоғамдағы кез келген күр­делі құбылыс, оқиғаны дер кезін­де, жіті қадағалап отыруға тиісті сергек мемлекет концепциясы. Осы ретте өз міндетіне адал БАҚ-қа жүктелер міндет ерекше деп білемін. Тағы бір қызық тенденция туралы айта кеткім келеді. Интернет дәуіріне дейін адам тәулігіне ең көп дегенде 20-30 ақпарат алатын еді, қазір дәл осы көлемдегі ақпарат бір-ақ сағатта шығады. «Шұғыл» хабарлардың көптігі жалған, жасанды ақпараттың тууына түрткі болады. Фейктерге тосқауыл қою үшін мемлекеттік реттеу қажет-ақ. Қазір кейбір елдерде фейкке қарсы заң қабылдау туралы бастама айтылып жүр. – Биыл ақпан айында «ҚазАқпарат» ЖШС мен «Қазконтент» АҚ бірікті. Бұ­ның қандай қажеттілігі бар еді? – Бірінші кезекте бұл әрине ведомствоға тәуелді мемлекеттік ұйымдардың қызметін оңтай­лан­дыру үшін жасалды. Бұл жерде Дәурен Абаевтың еңбегі зор. Министрлікке бағынышты құрылымдар санын қысқарту қадамына барып жатқандар көп емес екенін атап өткім келе­ді. Ал мұндай ұйымдар азай­ған сайын басқару жүйесі де икем­ді бола түседі. Бірігу нәти­же­сінде әкімшілік-басқару пер­­соналы оңтайланды. Яғни шы­ғармашылық қызметкерлер саны артып, әкімшілік қызмет­керлер саны керісінше кеміді. Екіншіден, мемлекеттік интернет-ресурстар арасында синергия қалыптасып отыр. Барлық ресурс бір орында шоғырланып, өзара байланыста болады. Бір-бірімен белсенді түрде контент алмасып, ортақ көркемдік кеңестері жұмыс істей бастады. Үйлестіру, мультимедиа секілді қызметтер құрылды. Осындай оңтайлану арқасында барлық редакцияның күшін жұмылдырып, еліміз үшін маңызды жобаларды жедел әрі сапалы жасауға мүмкіндік туды. Мысалы, COVID-19 туралы Coronavirus2020.kz ресми порталын «қазақпараттықтар» бір тәулік ішінде жасап шығарды. Акционерлік қоғамның дәл осын­дай шұғыл жобалар үшін әлеуе­ті өте жоғары. Үшін­шіден, «ҚазАқпарат» пен «Қаз­кон­тент­тің» қосылуы арқы­лы ұлттық интер­нет медиа­хол­дингінің негізі қалып­таса бастайды, бұл қазіргі жағ­дайда аса маңызды. Өйткені қа­зір­гі медиа алаң – бұл интернет. – «ҚазАқпарат» – шетелде меншікті тілшілер желісі жұмыс істейтін, көптеген шетелдік серік­тестері бар еліміздегі бір­ден-бір жетекші ақпарат агент­тігі. Жаңалықтар бес тілде: қазақ, орыс, ағылшын, қытай және өзбек тілдерінде таралады. Бұдан қаншалықты пайда бар? – Әрине шетелде меншікті тілші ұстау үлкен абырой әрі ақ­параттық қауіпсіздік тұрғы­сынан аса маңызды. Біз халық­аралық жаңалықтарды көбінесе өз тілшімізден не болмаса серік­тестерімізден сұрау салып алуға тырысамыз. Біреуден көшір­генше өзіміздің төл ақпаратты қалыптастырған дұрыс. Қазір­гі кезде біздің алдымызда ха­лық­­аралық ақпарат қызметін кеңей­ту міндеті де тұр. Бұл ретте Ташкентте Орталық Азия бю­ро­сын құру жөніндегі жобаны аса маңызды деп атар едім. Сонымен бірге «ҚазАқпараттың» міндеті – халықаралық оқиғаларды елімізде тарату ғана емес, Қазақ­стан туралы жаңалықтарды шетелге де көбірек шығару, жариялау. Қазір әлемнің ең ірі ақпарат агенттіктерінің бірі Xinhua порталынан «ҚазАқпаратқа» тіке­лей сіл­темені көре аласыздар. Еуро­падағы біздің серіктесіміз ANSA Италияның ең ірі агенттігі «Қазақстан жаңалықтары» атты жеке айдар ашатын болады. Айта кетейін, «ҚазАқпараттың» өзбекше нұсқасы мен «ӨзА»-ның қазақ редакциясы бұл – 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкентке сапары аясында жүзеге асқан жоба. Жалпы, «ҚазАқпарат» Қиыр Шығыстан Оңтүстік Америкаға дейінгі ара­лықтағы 47 халықаралық серік­тесімен жұмыс істейді. Біздің ынтымақтастығымыздың басты критериі – сенімді ақпарат. Биыл жылдың соңына дейін біз осы серіктестерімізге фейк жаңалықтарды ажыратып отыратын «ҚазАқпарат» жасаған жүйені ұсынғымыз келеді. – Биыл – «ҚазАқпарат» агент­тігіне 100 жыл. Қазақстан­ның тұңғыш ақпарат агентті­гінің ғасырлық мерейтойын қалай тойлайсыздар? – Біз бұл датаны тойлаймыз емес, атап өтеміз деген орындырақ болады. Той тойламай-ақ, нақты істер атқарғымыз келеді. Бұл ретте ең бірінші міндет техниканы жаңарту мен қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту бол­ған еді. Осыған қатысты ең алды­­мен агенттікті модерни­за­ция­лауға қатысты көптеген мәсе­лені қолдағаны үшін біздің министр­лікке ризашылық білдіргім келеді. Жоспарға келсек, жасанды интеллект базасында болашақта ақпараттар фабрикасын құру ойда бар. Ғасырлық мерейтойға бай­ланысты агенттіктің шетел­дік әріптестерімен бірлесе жа­­са­ған ақпарат алмасу­дың вир­­туал жүйесі іске қосы­ла­ды. Қызметкерлердің ең­бек жағ­­да­йын жақсартуға кел­сек, та­ғы да сол Ақпарат ми­нистр­­­лі­гінің қолдауымен «ҚазАқпарат» жаңа заманауи кең­сеге қо­ныс­танды. 100 жыл­дық аяс­ын­да жас журналистерге жетек­ші шетелдік ақ­па­рат агент­тіктерінің өкілдері­­мен шеберлік сыныптарын өт­кізуді онлайн-форматта жүзеге асыру туралы ойластырып жатырмыз. Түріктің Anadolu және Әзербайжанның AzerTAC бізбен түйдей құрдас – 2020 жылы 100 жыл толып отыр, олармен ортақ жоба жоспарлап жатырмыз. Мерейтойға байланысты басқа да жобалар болатыны анық. Әйтсе де олардың бәрі шығынды талап етпейтін, прагматикалық іс-шаралар болуы керек, бүгінгі уақыт талабы да – осы. Бұған қоса мерейтойлық дәстүрлі атрибуттар: естелік белгілер, шетелдік БАҚ-та жария­ланымдар, фотоальбом, «ҚазАқпарат» Ардагерлер кеңе­сін құру және басқа да шаралар жоспарымызда бар. Айта кетейін, 2020 жылы baq.kz ақпарат агенттігінің құрыл­ғанына 10 жыл толады. Қазақ тілінде жаңалық тарататын бірегей ақпарат құралы, өзі­нің ор­нықты аудиториясы қалып­тас­қан агенттік. – Тарих демекші, саяси қуғын-сүргін жылдарында қазақ зиялылары баспасөз төңі­регіне топтасқаны, баспа­сөз өкілдерінің қудалауға ұшы­рап, жапа шеккені белгілі. Бір кездегі ҚазТАГ, бүгінгі «ҚазАқпарат» тарихында ақтаң­­дақ оқиғалар орын алған ба? – Қасіретті жылдардағы бас­пасөз өкілдерінің тағдырын терең зерттеу керек деп есеп­тейміз. Өйткені оларға жабылған жала, жағылған күйе қазақ зиялылары басындағы қасіреттен кем емес еді. Мысалы, 1959 жылы Хрущевтың сөзін толық бермегені үшін сол кездегі ҚазТАГ басшысы да, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы да бірдей жазаланған. Сол секілді ҚазТАГ-тың алғашқы басшыларының бірі Вятич-Кириллов Аркадий Иванович 1938 жылы «үштіктің» үкімімен қазан айында Алматы маңында атылып кетті. Қазақтың талантты аудармашысы, көрнекті журналист, ұзақ жылдар бойы ҚазТАГ-та қызмет істеген, агенттіктің аударма бөлімін басқарған қаламгер Хасен Өзденбаев та талай қуғынға түсті. Оған 1937 жылы өзі басқаратын газетте кеткен қате үшін «халық жауы» деген күйе жағылды, кейіннен 1938-1941 жылдары осы жаламен сотталып, түрмеге отырып шықты. 1955 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы ҚазТАГ-та аудармашы болып істеді. Ал бертіндегі Желтоқсан оқиғасына қатысты сот отырысынан әлемге ақпарат таратып, фотосын жариялағаны үшін ҚазТАГ-тың бас директоры Жұмағали Ысмағұлов та жапа шекті. Қайрат Рысқұлбеков бастаған бес қазақ жігітінің сот залында қасқайып тұрғаны бейнеленген фотоның авторы Юрий Беккер де, директор Жұмағали Ысмағұлов та, сосын ҚазТАГ-тың осы фотосы мен ақпаратын басқан газет басшылары да жазаланды. Мінеки, осының бәрін талдап, архивті ақтара берсе, әлі де біраз дүние ашылатын еді. – Дегенмен 100 жыл – бұл мерейлі меже. Мұндағы негізгі миссия қандай? – Тағы да қайталағым келіп тұр – біз тойламаймыз, атап өтеміз. Агенттік алғаш рет 1920 жылы Орынбор қаласында РОСТА бөлімшесі, Кеңес өкі­меті­нің ақпарат органы ретінде құрылды. Кеңестік цензура аясында жаңалықтар таратты. Дегенмен мұның өзі – тарих, 1920 жылға дейін Қазақстан­ның аумағында ешқандай да ақпа­рат агенттігі болған емес, «ҚазАқпарат» отандық ақпарат тарату дәстүрінің бірден-бір мұрагері. Сондықтан да, осы датаны атап өте отырып, біздің агенттіктің нағыз даму кезеңі Тәуелсіз Қазақстан тұсында бол­­ғанын еш ұмытпауымыз керек. Шынтуайтына келген­де, ұйым­­ның нағыз даму кезе­ңі ғана емес, нағыз тарихы да тәуел­­сіздіктен бас­талады. Өйт­­кені кез келген басқа сала сияқ­ты ҚазТАГ біртұтас ме­тро­­­по­лиялық жүйенің дербес ақ­парат саясатын жүргізуге қау­қар­сыз аймақтық бөлігі ғана бол­ғанын ұмытпауымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тікелей қадағалауымен ж­ү­зе­ге асырылған түбегейлі сая­си реформа тұсында бұл мекеме­нің үйрен­шікті ҚазТАГ атауы «ҚазАқпарат» (Kazinform) деп өзгертілді. Атымен бірге жұмыс стилі, принципі, мақсат-маз­мұны өзгерді. Қазір де ол тәуел­сіз ел мүддесін көздейтін са­ли­қалы ақпарат құралы. Агенттік тарихы өте бай. Мысалы, КСРО мен АҚШ ара­сын­дағы ең бірінші радиомост ҚазТАГ («ҚазАқпарат») арқылы жүзеге асты. Осы радиомост жұмысына әйгілі америкалық әнші Пол Робсон араласқан. Қазақ тіліндегі ақпараттық журналистика да «ҚазАқпараттан» бастау алды. Бастапқыда аударма болғанымен, кейіннен қазақ тіліндегі төл ақпараттар таралды. Кәкімжан Қазыбаев директор болған кезде ҚазТАГ сатып алған техникалар тіпті Мәскеудегі кейбір редакциялар үшін арман болған екен. Америкалық саясаттануда «Горбачев дилеммасы» деген анықтама бар. Юджин Метвин енгізген. Осы кеңестік басшы­лықтың дилеммасы ТАСС-тың ҚазТАГ-қа сілтеме жасай отырып 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы туралы хабар таратуынан басталды. Бұл шын мәнінде кеңестік ақпарат агенттігінің жаппай бұқаралық қарсылық туралы хабар таратқан ең алғашқы оқиғасы еді. Осыдан барып «Горбачев дилеммасы» пайда болды: тіпті шартты түрдегі ашықтықтың өзі коммунистерді шатқаяқтатып тастады. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялағаны туралы ақпаратты да ең бірінші болып ҚазТАГ («ҚазАқпарат») тілші­лері таратты. Қазақстанда ресми емес латын графикасындағы ақпараттар алғаш рет «ҚазАқпа­рат» арқылы берілді. Еліміздегі «төте жазу» нұсқасы да ең алғаш «ҚазАқпарат» қабырғасында ашыл­ды. Тәуелсіздік жылдары агенттік қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер үшін де сенім­ді ақпарат алатын қайнар көзге айналды. Қазірдің өзінде де біз­дің агенттік шетелдегі қазақ диас­порасы үшін рухани байланысты жалғастыратын бірден-бір ақпарат көзі болып келе жатыр. Айтпақшы, былтыр «Отан­дастар қоры» АҚ мен бірлесіп алғаш рет шетелде қазақ тілін­де ақпарат тарататын БАҚ өкіл­­дерін астанаға шақырып, шет­елдегі қазақ журналистерінің кездесуін өткіздік. Нәтижесінде «ҚазАқпарат» ХАА мен «Отан­дастар қоры» АҚ бірлесіп шетелде шығатын қазақтілді БАҚ қа­уым­дастығын құруды жоспарлады. – Сіз «ҚазАқпаратқа» бас­шы­­лыққа келгелі үш жылдан асыпты. Осы уақытта не өз­гер­ді? Қандай істер атқа­рылды? – Агенттік жұмысына бағаны мен емес, аудитория беруі керек. Мен тек өз тарапымнан «ҚазАқпарат» жұмысының бір минут та тоқтамайтынын айта аламын. Бізде мереке де, демалыс күн деген де жоқ, тәулік бойы жұмыс істейміз. Қазіргі Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Аида Балаева мемлекеттік контенттің сапасын заман талабынан шығатын сапаға көтеру туралы бірқатар міндет жүктеді. Ресурстардың бірінен мемлекеттік бағдарламаларды талдап, түсіндіретін портал құры­лады. Шетелдік тілшілер же­лісін кеңейту бойынша да жоспар бар, стрингерлер тартуымыз мүмкін. Тақырыптық ресурстарға келсек, олар да өзгереді. Алдын ала ештеңе айтқым келмейді, уақыты келгенде жасап, көрсетеміз. «ҚазАқпарат» атты үлкен отбасының тынымсыз жұмысына бағаны тарих берер. Өйткені 100 жыл – бұл алдағы үлкен даңғыл жолдың бастауы ғана.   Әңгімелескен Уәлихан ҚосАНбай, «Egemen Qazaqstan»