Футболдан Қазақстан чемпионаты 1 шілдеде басталады
Футболдан Қазақстан чемпионаты 1 шілдеде басталады
Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы жарыстарды қайта жалғастыру жөнінде келісімге келді, - деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі ҚФФ сайтына сілтеме жасап.
ҚФФ, ҚКФЛ және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрлігінің келісімімен ел чемпионаты 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап жалғасады.
Турнир күнтізбесін Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінің мүшелері бекітті. Жаңа күнтізбені мына сілтемеге өту арқылы көруге болады.
Бірінші және Екінші лига командалары арасындағы біріншіліктер және ҚР Кубогы 2020 жылдың 1 тамызынан кейін басталады. Сонымен қатар, футзалдан ел чемпионаты, әуесқойлар арасындағы турнирлер, жағажай және әйелдер футболының ұлттық біріншіліктеріне де 1 тамыздан кейін рұқсат берілмек.
Чемпионатты жалғастырудың басты шарты: ойындар кезінде коронавирустың таралуының алдын алу арнайы нұсқауын сақтау.
Еліміздің басты чемпионатын, сонымен қатар, ҚФФ мен ҚКФЛ ұйымдастыратын басқа да жарыстар "Коронавирус індетіне қарсы тұру жөніндегі нұсқаманың" қатаң сақталуы арқылы жүргізілмек.
Ойындар көрермендерсіз өтеді, жарыс кезінде қызмет ететін адамдардың саны шектеулі болады.