Сөзге серт
Сөзге серт
Құранда Алланың аяты қаламға және оның жазуына серт берумен басталады. Түптеп келгенде Құранның өзі – кәлам, аянның өзі – баян. Кәлам – Алланың сөз сипатының сәулесі. Жаратылыстағы ең асыл қазына ақыл десек, сөз – сол ақылдың жаңғырығы.
Сондықтан сөз құдіреті пәруайлы пенденің періштенің алдында дәрежесін асқақтатып, бір саты жоғары тұруына себеп болған. Інжілде «Әуелі сөз болған. Сөз Құдай еді. Онсыз ештеңе де пайда болмаған» деген тәмсіл бар. Сөзден жаратылыс өрбіді. Рух арқылы сөз киесі қонған адамзат өзге тіршілік иелерінен үстем болды.
Сөздің иесі ғана емес, киесі де бар. Сондықтан дана бабамыз «Жақсы сөз жарым ырыс, ақ сөйле, игі сөз айт, болмаса, үндеме» деген қағидатты басшылыққа алған. Жамандық шақырады деп артық сөз айтпаған. Ырым мен тиым содан шыққан.
Сөз тек әріптер мен дыбыстардың өзара үндестігінен туған толғам емес, тағдырыңның тұспалдамасы. «Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақтың сөз қадірін өз қадірінен биік қойғаны сол. Себебі сөз тек «сөз» ғана емес, ақылдың көрінісі, өмірдің өз шамшырағы.
Бабатаным «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп тілдің құдіретіне табынған. «Дат» десе, «датың болса, айт» деп ақиқаттан алыстамай, шындықтың бетіне тура қараған. Қаһарлы ханның алдында да жасампаз жырауларымыз сөзден мүдірмей, әділдіктің ақ туын желбіреткен. Топ алдына түскен шешендер күрмеуі қиын даудың күрделі шешімі мен кесімін бір-ақ ауыз сөзбен түйіп айтқан. Айтқан сөзі алмас қылыштай өткір ақындарымыз «бөтен сөзбен былғамай, қиыннан қиыстырған» жырынан жұпар аңқытқан.
Кез келген тілдің байлығы оның сөздік қорымен өлшенетіні белгілі. Мағжан ақын айтқандай «Таза, терең, өткір, күшті кең тілімізбен» мақтануымызға әбден болады. Ал тілдің тазалығын сақтау, оны заманға сай одан әрі дамыту – қалам қуатына байланысты болса керек. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деген сөзі осыған орай айтылған. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ журналистері тілді тұғырына қондыру ісіне зор үлес қосып келеді. Әсіресе арайлы азаттықпен бірге мемлекеттік мәртебе алған тілдің аясын кеңейтуде қалам ұстаған қауымның қызметі айрықша екені белгілі. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев кеше ғана «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында айтқандай, ұлт сөзінің салтанатын орнықтыру ісін «ың-шыңсыз, айқайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет». Бұл орайда Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары «қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналып, арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деген пікіріне алып-қосарымыз жоқ.
Сөз – тарих таралғысы, қағаз бетіндегі мөр. Сол арқылы газет-журналдар кеңістікте өзінің бағдарын сызды. Алаш арыстары сөз ұстаған серкелер, қаламның қасиетін ұғынған кемел ақыл иелері болды. «Айқап», «Қазақ» сынды байырғы басылымдар мен соның жолын жалғаған «Еңбекші қазақ» сынды газеттер ұлттың сөзін сөйледі, жоғын жоқтады. Олар сөзге үлкен жауапкершілікпен қарап, қаламға адалдығымен қатарынан оқ бойы оза шапты. Қазақ журналистері кеңестік кезеңде астарлап болса да ақиқатын айтып, ұлт рухын оятып, қараша халыққа қалтқысыз қызмет атқарды. Қызыл цензураның қақпанына ілікпей, жетер жеріне жеткізіп жазды. Шарболаттай шамырқанып сөйлеп, шындықтың шырақшысына айналған Шерағаңдар тура сөйледі, шымшып айтты. Жампоз журналистеріміз тәуелсіздік тұсында да ұлттық сананың орнығуына, мемлекет іргетасының бекуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондықтан парасат-пайымның көшін бастаған публицистика «көсемсөз» аталды. Бұл орайда бұқараның көкейінде бүгіп жатқан сан қилы дүниелерді мінбеге жеткізуді мақсат еткен БАҚ өкілдерінің еңбегі ерен.
Әрине жауырды жаба тоқымасақ, айтар ой, түйткілді мәселе де жоқ емес. Жаһандану заманының ақпараттық ағыны халқымыздың ғасырлар бойы ардақтаған құндылықтарын құнсыздандырып, ұлттық бет-бейнесіне селкеу түсіріп, арналы дәстүріміздің арқауын сетінете бастағаны шындық. Соның ішінде сөз де құнсызданды, сенімге селкеу түсті. Аузы дуалы, сөзі уәлі, байламы бәтуалы кісінің сөзіне тоқтау азайды. Жалған сөйлеп, жала жабуды әдетке айналдыру, ойдан құрағанын тексермей көшіргені үшін де, оны қайта өшіргені үшін де ауызбастырық алу кәсіп болды. Салиқалы сөз адуынды айқайға ұласты, адам мен айқай араласты, айтушы мен тыңдаушы адасты. Ұран салып, білек сыбанып, заһарын төгіп отырған бүгінгі виртуальды қаһарман өзінің ата-анасы мен отбасының, қасында отырған досы мен құдайы көршісінің басында не жағдай болып жатқанын сезінбеуі – оның желіге деп әлемдік торға әбден шырмалып, А.Чеховтың «Құндақтаулы адамының» жаңа тұрпатты бейнесіне айналғанын көрсетеді. Сұрыптаусыз келген сұрқай ақпарат топаны толастамай үдеп, небір қауіп-қатер, апат туралы дегбірді алатын дүбірдің дабылы соғылған сайын ашқарақтанған желі де желіктіріп алады. Қарап тұрсаңыз, желі – желөкпенің сөзіне, желіктің көзіне айналып барады. Әлемдегі түрлі оқиғаларды сол мезетте айнадан қарағандай тамашалап бейжай қабылдайтын бүгінгі тұтынушы тұйық желінің тұтқынына айнала бастағандай. Бұл үрдіс адамды әдеттегі жылы ағымды жаңалыққа селт етпейтін, керісінше үрейлі де дабыралы шындықтарға құмартып жүйкесі қанағат табатын ауытқушылыққа әкеледі. Осыдан барып бүгінгі буын айналасына, тіпті өзіне де зер салмайтын самарқау, сана-түйсігін түсініксіз үрей билеген бойкүйез, азаматтық жігері әлсіз боркемік, қатал да тасбауыр болып кетпей ме деген ой алаңдатады. Вирус тәнді, сөз сананы жаралайды десек, әлемді жайлаған жұқпалы дерт келер-кетер, санаға түскен осынау салдарлы сырқаттан айыға аламыз ба?
Қазір ұялы телефон ұстаған кез келген адам ақпарат таратушы. Суретке түсіреді, әлеуметтік желіге айқайлатып тұрып салады. Әрі қарай мән-жайдың ақ-қарасын айыру, мәселенің оң-солын анықтау күрделі жұмыс. Қым-қуыт ақпарат майданында майдан қыл суырғандай сенімді деректер ұсыну оңай шаруа емес. Шынайы қаламгерлердің алдын орап, хайп қуалағандар көбейе түсті. Жалған ақпараттар желкенін көтеріп, оқырман тарту процесі жүрді. Сол сәтте халық салиқалы сөзді, сенімді деректі қажет етті, хайп емес, байып керектігін түсінді.
Осындай кезеңде газет шығару, журналист болу да қиын екені белгілі. Соған қарамастан, біздің әріптестеріміз әдеттегідей алғы шепте! Пандемия өршіп тұрған сәтте тілшілердің жанқиярлығы, дәрігерлермен бір сапта жүріп, ақпарат таратуы соның айғағы. Қаншама журналист індетті жұқтырып алса да, қолынан қаламын тастаған жоқ. Мамандығына адалдық танытып, оқырман алдындағы борышын ойдағыдай атқаруға тырысып келеді. Алғаш рет беріліп отырған «Халық алғысы» медалін алғандар қатарында көптеген әріптесіміздің болуы соның айғағы іспетті. Дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарға пікір қосып, пайым илеуінен өткізетін жансебіл жандардың жетістіктері мұнымен шектеліп қалмақ емес деп ойлаймын.
Сөздің киесін сезініп, оған серт берген қалам ұстаған қауымды, барша журналистерді бүгінгі төл мерекелерімен құттықтаймын! Жазарыңыз көп, арқалағаныңыз алғыс болсын!