Астанада дәстүрлі «Khabar Cup» бильярд турнирі өтіп жатыр

28 Қазан, 2018 1591 0

Астанаға еліміздің жетекші журналистері жиналды. Қалам ұстаған қауым мен ақын-жазушылар және ақпарат саласының қызметкерлері дәстүрлі «Хабар Кап» турнирінің шымылдығын түрді деп хабарлайды NewsRoom+ ақпарат агенттігі «Хабар24» арнасына сілтеме жасап.

Биыл қатарынан төртінші жыл ұйымдастырылған бильярд жарысына 30-ға жуық айтулы азамат келді. «Хабар» Агенттігінің 23 жылдық мерекесіне арналған дәстүрлі тас-таяқ турнирі - жалпы руханият әлемінде жүрген азаматтардың өзара достық байланысын арттырар жарыс. Биылғы сайыс ақпарат саласының өмірден өткен қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Шаршы тақтада шар қуғандар арасында Намазалы Омаш, ақын Несіпбек Айтұлы секілді танымал ақсақалдар бар. 

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі басқарма төрағасының бірінші орынбасары: - Биылғы турнирдің ерекшелігі - оның қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналып отырғандығы. Бұл да тек тележурналистика үшін ғана емес отандық журналистиканың барлық өкілдері үшін өте үлкен мерейлі іргелі дата. Сол себептен биылғы жарысты 60 жылдыққа арнауды жөн деп санадық. Жылдағыдай турнирдің басты мақсаты қалам мен микрофон ұстаған жалпы мәдениет, руханият саласында жұмыс істеп жүрген азаматтардың достық, бауырлық әріптестігін күшейту. 

Сонымен қатар Қайнар Олжай, Әлімжан Сабыржанұлы, Арман Ысқабылұлы, Зейін Әліпбек, Амангелді Сейітхан сияқты есімі елге таныс аға журналистер де бәсеке көркін қыздырды. Биылғы турнирде жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек ең мерген, ең мәдениетті және ең шебер ойыншы номинациялары бойынша арнайы сыйлықтар табыс етіледі. 

Қайрат Сақ, ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы: - Бұл журналистердің жылда бас қосатын, бір-бірімен дидарласып, ой бөлісіп, журналистиканың арғы-бергі бағыт-бағдарын айқындайтын әдемі жиын. Сондықтан барлық журналистер бұл дәстүрлі турнирді сағына күтеді. Құлақ түріп жүреді. Бүгін мінекей еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі журналистер осы турнирге келіп отыр.



Тегтер: ринат, кертаев, хабар, бильярд, турнир, астана

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.