Әлемде коронавирустың екінші толқыны басталып кетті ме?
Әлемде коронавирустың екінші толқыны басталып кетті ме?
Жарты жылға жуық ғаламшарды коронавирус індеті жайлап кетті. Дүниежүзі бойынша індетке қарсы шараларды орындағанмен, ауру жұқтырушылар азаяр емес. Германия мемлекетінде коронавирустың жаңа толқыны басталған сыңайлы. Бұндай болжамды вирусолог Кристиан Дростен жаңадан жұқтырушылардың тіркелуінен кейін хабарлаған.
«Қазірден бастап дабыл қақпасақ, екі айдан соң қиындыққа душар боларымыз сөзсіз. Аурудың жаңа толқыны болмас үшін мемлекет пен қоғам сақтық шараларын сақтағаны дұрыс",-дейді вирусолог. Ол сондай-ақ АҚШ-тың оңтүстігіндегі штаттар шектеу шараларын өте ерте алып тастады. Соның салдарынан ауа температуранысының жоғары болуына қарамастан, вирус тез таралып, қиын жағдайға тап болғанын мысалға келтірді.
Осы секілді Оңтүстік Корея мемлекеті де түнгі клубтар ашылған соң, ауруды жұқтырушылардың көбейгенін хабарлаған. Сеул билігі індетке қарсы күрес үшін карантиндік шараларды күшейтуді қарастырмақ.
Еске сала кетсек, елімізде де коронавирус індетін жұқтырушылар саны сағат санап көбейе түсуде. Әсіресе оңтүстікте орналасқан Түркістан облысында жағдай ушыға түскен. Оған бірден-бір себеп шектеу шараларын босаңсытқан соң, адамдар қалыпты жағдайға бірден өтуі екенін алға тартады мамандар. Осыған орай, жергілікті билік өкілдері карантиндік шектеулерді бүгіннен бастап күшейтуді қарастырғанын хабарлаған.