Жаңалықтар

Сирень гүлінің тарихы..

Қазақ жеріне Сирень 19 ғасырдың соңында Ресейден ағылған келімсектермен келсе керек. Ал Ресейге 18-ғасырда Европадан әкелініпті. Сиреньді Европаға дәлірек айтсақ, 1555 ж. Осман империясындағы Австрия королінің елші сі Иран жерінен әкеліпті. Ал Иранға Жібек жолы арқылы Қытайдан әкелінсе керек. Қытайда сиреньнің 28 түрі кездеседі екен. Оның 22-і тек қана Қытай жерінде өседі. Қытайда Сиреньді киелі өсімдік санатына жатқызады екен. Оны Үндістаннан Қытай" жеріне Будда дінінің таралуымен түсіндіреді. Будда дініндегі киелі өсімдік фикус климаттық жағдайларға байланысты Қытай жерінде өспегендіктен, "киелі" болып сирень "тағайындалған" :-) Сирень гүлінің екінші өмірі 1870 ж. француз селекционері Виктор Лемуан сиреннің сұрықсыздау 2 түрін Азуреа плена (Azurea Plena) мен Кәдімгі сиреньді (Syringa vulgaris) бір бірімен будандастырғаннан соң басталды. 100 жыл ішінде Лемуанның фирмасы сиреньнің 214 түрін шығарды. Ал Кеңес Одағы аумағында сирень гүлінің екінші өмірі 1945 ж. мамыр айынан басталды деуге болады. Кеңес әскерлері Европа елдерінен немістерді біржола қуған кезі сиреньнің хош иісі бұрқырап тұрған мамыр айына тура келгендіктен оны тіпті "Жеңістің символы" деп жүргендер бар. "Өз өмірінің 40 жылын сирень сұрыптауға арнаған ресейлік Леонид Колесников 300-ге жуық сирень түрін шығарды"- деп хабарлайды ресейлік "сиреньтанушылар".Сирень гүлін сындырып алса, келер жылы жақсы гүлдейді деген жаңсақ пікір. Сынған бұтаққа инфекция түсіп, өсімдік кеселге шалдығуы мүмкін. Мүмкін болса, секатормен кесіп алған жөн. Ал қазақ жерінде сиреньге ұқсас жабайы өсімдік өсті ме? Ол сұрақтың жауабын табуды биологтарға қалдырайық. Сиреньнің қазақшасы қалай деп жүрген ағайындарға айтарымыз, түркі тілдес Қарашай, Балқар ағайындар сиреньді "Ләйлек" деп атайды екен. Айтпақшы, қазір сиреньнің биіктігі 20 метрге дейін жететін алып түрлерінен бірнеше сантиметр ғана ергежейлі түрлері де бар. Жыл сайын сирень гүлдегенде ойға түсетін нәрсе еді. Айнұр қарындастың арқасында сиреньнің тарихын біршама біліп алдым.. Автор: Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ