ҰБТ-2020. Түркістандық түлек ең жоғары балл жинады
ҰБТ-2020. Түркістандық түлек ең жоғары балл жинады
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг кезінде ҰБТ-2020 барысында тестілеуден шеттетілген балалардың жағдайына тоқталды.
Тестілеуден шеттетілген балалармен мектеп психологтары, ата-аналар, мұғалімдер тиісті жұмыстар жүргізеді. Біз де бұл шарадан тыс қалмаймыз. Тесттен шекті балл жинай алмай қалған балалармен де тікелей жұмыс істеуді ұйымдастыратын боламыз. Ал, дене қызуы жоғары болып келген тест тапсырушылармен медицина қызметкерлері жұмыс істейтін болады, - деді ол.
Наужан Дидарбекова брифинг барысында ҰБТ өткізуді ұйымдастыру жұмыстарына былтыр және биыл қанша қаражат жұмсалғанын айтты.
Былтыр ҰБТ өткізу үшін 543 миллионнан астам теңге жұмсалды. Ал, биыл қанша сома жұмсалғанын нақты айтуға әлі ерте. Нақтырақ ҰБТ толық аяқталғаннан кейін айтатын боламыз. Санитарлық-эпидемиологиялық қажеттіліктерге келер болсақ, олар жергілікті атқарушы органдар және ҰБТ өткізу пункттері орналасқан жоғары оқу орындары тарапынан қамтамасыз етілді, - деді ол.
Тестілеу орталығының өкілі ең жоғары балл жинаған түлек Түркістан облысынан екенін айтты.
Әзірге ең жоғары балл жинаған бір түлек бар. Оның нәтижесі 138 балл. Ол Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Теспе орта мектебінің түлегі – Абзал Әбдіманап. Бірақ, бұған дейін арнайы норма қабылданғанын айтқан болатынмын. Яғни, тестілеу кезіндегі барлық бейнежазбаларға талдау жасалады. Абзал Әбдіманаптың да бейнежазбасын толық тексеретін боламыз.
Дереккөз: Baq.kz порталынан