Жаңалықтар

Қазақстандық футбол клубтарында не менеджмент, не маркетинг жоқ

Қазақстандық футбол клубтарында не менеджмент, не маркетинг жоқ

Ресми дерек бойынша 1 шілдеде футболдан Қазақстанның ішкі біріншілігі қайта жалғасады. Коронавируске дейін 12 клуб бірінші орынға таласса, енді бұл тізімде Павлодарлық «Ертіс» жоқ. Миллиардтаған қарызы үшін команда турнирден өз еркімен шығып қалды. Осыған дейін 5 дүркін ел чемпионы атанған команда тіптен жабылып қалудың алдында тұр. Республикадағы басқа клубтардың да жағдайы мәз емес. Кемедегінің жаны бір дегендей, командалардың жағдайы неге нашар? Бұл туралы  NewsRoom+ тілшісі  Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Басынан қара бұлт арылмаған қазақстандық футбол. Күні кеше павлодарлық «Ертістің» жабылғалы жатқаны белгілі болды. Өз уақытында асығы алшынын түскен «Ақтөбенің» де жөнді қолға өтпей, қарызға батып бірінші лигаға бірақ түскені тағы бар. Осы ретте сұрақ туындайды. Инвесторларға неге отандық футболға қызығушылық тудырмайды? ЕРМҰХАМЕД МӘУЛЕН, СПОРТ ЖУРНАЛИСІ: «Өзінің жеке дара стадионы жоқ. Облыстағы жалғыз стадионды жалға алады. Одан бөлек академиялары жоқ, базалары жоқ. Жас балаларды оқыту мүлде қалыптаспаған. Кейбір облыстағы командаларды жаттығу жасайтын алаңы да жоқ. Қазақстандағы клубтардың 80-90  пайызы осындай жағдайда күн кешіп жатыр десек болады». Барлық проблема  қаражатта. Нақтырақ айтсақ оның жоқтығында. Тығырыққа тірелген «Ертістің» басшылығы команданы ұстап тұруға, жалақыларын төлеуге мүмкіндіктері жоғын айтып Қазақстан Премьер-лигасынан өздерін алып тастады. Енді ойыншылары жаңа клуб іздеп сабылып кетпек. Командадағы керекуліктер соңына дейін қаламыз дейді. ГРИГОРИЙ САРТАКОВ, «ЕРТІС» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ: «Әрі қарай не істейтінімізді ойластырып жатырмыз. Осы жерде бәрі шешілсе деген тілек бар. Жергілікті футболшылар соңына дейін баруға әзір. Біз осы клубта қалып, ойнағымыз келеді». Құр патриотизммен алысқа шаба алмайсың. Клубты сақтап қалғанның өзінде 2-ші лигаға бір-ақ түседі. Баспасөз конференциясын өткізген жерлігікті билік пен команда өкілдері жағдай тым мүшкіл дегенді алға тартты. МАРАТ АЙДАШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Салық бойынша миллиардтан астам қарыз бар. Сондықтан клуб есебіне түскен қаражаттың барлығы сол жыртықты жамауға кетеді. Бос жатқан миллиард ақша жоқ. Сондықтан жағдайды түзеп жіберу мүмкін емес». Шенеуніктер кінәлілер жазасын алады, тергеушілер оларды іздеп жатыр дейді. Осыған дейін көз алдарында болып жатқан былықты көрмегендері қызық. Федерация өкілдері клуб өздігінен ҚПЛ-ден бас тарқанын айтады. ЕРБОЛ ҚАЙЫРОВ, ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ: «Клуб басшылары ресми ақпарат бойынша олар айтты осы жылы Премьер-лигада өнер көрсетпейді. Себебі, қаражаттары жоқ. Мүмкіндіктері жоқ. Әрине клубтың қарыздары өте үлкен соманы құрайды». Жергілікті бюджетке сеніп, «шықпа жаным, шықпамен» келе жатқан отандық клубтардың жағдайының бәрі бірдей. Негізгі қаражат көзі болғандықтан футбол ошақтары өздігінен дамуға да қауқарсыз екен. Бұл -  сарапшылардың пікірі. ЕРМҰХАМЕД МӘУЛЕН, СПОРТ ЖУРНАЛИСІ: «Қазақстандық клубтар онымен айналыспайды. Не менеджмент, не маркетинг жоқ. Себебі, бюджеттен бөлінетін қаржыны он айдың ішінде игеру, болды. Басқасына бас қатырмайды. Оларға ешкім ақша табыңдар деген жоқ. Олар оны істемейді». Пандемия кезінде барлық спорт түрлеріне бөлінетін қаражатты қайта қараудың уақыты келді. Күні кеше Мәжіліс қабырғасында осы мәселе көтерілді. СӘКЕН ҚАНЫБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Әлемде коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде барлық спорт түрлерінде бюджеттік шығындарды қайта қараудың уақыты келді. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы соңғы жарияланымдарға сүйене отырып, көптеген Еуропа елдері, сондай-ақ Ресей мамандар мен легионерлерден бас тартуды қолдады. Осы шешімдердің қабылдануы жас спортшылардың ішкі әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді». Коронавирус өзімен бірге дағдарыс ала келді. Биыл қаражаттың шетін көргенімен, келер жылы бірқатар отандық клубтың қаржыландырылуы азаяды. Егер қосымша демеуші таппаса, басқа да командалар бірінен соң бірі қарызға батып, жабылып тынуы мүмкін.