Поэзия: Қымбат Жампейісованың шығармашылығынан
Поэзия: Қымбат Жампейісованың шығармашылығынан
Көк аспан да жасын төгіп жылады
Көк аспан да жасын төгіп жылады,
Тылсым күштің қайтқан жанға сұрауы.
Ағыл – тегіл дамылдамай ақ жауын,
Ағып жатты жерде жаңбыр бұлағы.
***
Бәз біреудің таңы атты күлімдеп,
Кейбірінің жүрегі кілт тоқтады.
Бір жан кетсе адам рухы түңілмек
Уақытша деп фәни өмір соқпағы.
***
Табиғат та жақсы кетсе жоқтайды,
Тағы арамыз бір жан кетіп ортайды.
Күңіренді көк аспан да сұрланып
Найзағай да жарқылдатты, от жайды.
***
Өмір қысқа қамшының бір сабындай,
Кейде Аллаға кетеміз біз бағынбай.
Қонақ болып келдік мына өмірге
Ғұмыр қысқа өте шығар сағымдай.
Жазылған күні: 18.05.2020
Келер күннен қол үзбе
Қош бол енді өткенімнің айғағы,
Бүгін келді шешімімнің байламы.
Өткен күннің естелігін сақтама
Деп түйсігім ой тастады қоймады.
***
Ыстық болған өткенімді тастауға,
Жаңа өмір болашаққа бастауға,
Бекіндім де белді буып ұмтылдым,
Алға қарай жаңа қадам аттауға.
***
Сары майдай сақтап кеппін аялап,
Қайтып келмес күн екенін білсем де,
Бұйымымды сақтағаннан саябақ
Таба алмасын жан жарамның білсем де.
***
Бар қайратты жинап алып бойыма,
Естелікті таста бірақ мойыма.
Деп түйсігім алға қарай итерді
Қайтып алма тастаған соң қолыңа.
***
Өткен өтті келер күннен қол үзбе,
Болашаққа адастырмас жол ізде.
Деп ақылым жұбатты да жүректі
Жол ашты жан судай жаңа сезімге!
Жазылған күні: 26.05.2020