Жаңалықтар

Қазақстан қыркүйек айында коронавирусқа қарсы вакцинаны адам ағзасында сынап көреді

Қазақстан қыркүйек айында коронавирусқа қарсы вакцинаны адам ағзасында сынап көреді

Қазақстандағы биотехнологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми зерттеу институты коронавирустық инфекцияға қарсы үш платформада 5 түрлі вакцина әзірлеп жатыр. Бұл туралы жұмадағы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz. «Біріншісі – инактивацияланған вакцинация. Ол химиялық заттар әсерінен бейтараптанған вирустарға негізделген. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тексеріп, өз тізіміне енгізді. Екіншісі – рекомбинатты суббірлікті вакциналар, үшіншісі – рекомбинатты векторлық платформа негізіндегі вакцина», - деді министр. Оның сөзінше, қазіргі сынақтар «сәтті өтіп жатыр». 15 мамырда кандидаттық инактивацияланған вакцина тышқандарға егіліп, қауіпсіздігі мен иммуногендігі тексерілген. «10-23 маусым аралығында вакцинаның уыттылығы мен аллергиялық қасиеттері зерттелді. Маусым-шілде айларында жануарларға – приматтарға егіліп, әрі қарай вакцинаның иммуногендігі зерттеліп, қыркүйек айында клиникалық зерттеуге көшу жоспарда бар», - деді Аймағамбетов өз баяндамасында.