Жаңалықтар

"Бұл ойнайтын зат емес, коронавирус бар": Қайрат Құдайбергеннің ПТР-тесті оң нәтиже көрсетті

Қазақстандық танымал бизнесмен, блогер, қоғам белсендісі Қайрат Құдайбергеннің коронавирусты анықтайтын ПТР-тестіне тапсырған сынамасы оң нәтижені көрсетті, деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қайрат Құдайберген Бұл туралы бизнесмен Instagram-дағы парақшасында мәлім етті.
Бұған дейін Қайрат Құдайбергеннің қазақстандықтарға видео үндеу жолдағанын хабарлаған болатынбыз. "Түнімен температурамды өлшеп шықтым. Мұны өзім істеуге тура келді, себебі жақындарыма жұқтырғым келмейді. ПТР-тестің нәтижесі келді, менен коронавирус табылды", - деді ол. Оның айтуынша, компьютерлік томография жасатқан және өкпе пневмофиброзы анықталған. "Адамдар білгенін қалаймын, бұл ойнайтын зат емес, коронавирус бар. Сондықтан өзімізді сақтау керек", - деді Қайрат Құдайберген. Ол мұндай ауруды дұшпанына да тілемейтінін атап өтті, сонымен қатар, оны ауруханаға алып кететінін айтты. Бизнесмен қазақстандықтардан санитарлық нормаларды сақтауды, дәрігерлердің айтқанын тыңдауды сұрады. Желі қолданушылары, танымал тұлғалар Қайрат Құдайбергенге жылы сөздер жазып, тезірек жазылуын тіледі.