16 жасар қыз жүктілігін босануға жақын қалғанда білген

18 Қазан, 2018 1813 0

Аяғы ауыр екенін жүктіліктің сегізінші айында бір-ақ білген 16 жастағы жасөспірім қыз басынан өткен оқиғасын «Хабар» арнасының «Давайте говорить» бағдарламасында баяндап берді.

Нағима есімді қыздың айтуынша, мектепке қарындасын әкеп жүрген 25 жастағы жігіттің өзіне көзі түсіп, араларында қарым-қатынас орнаған. Тоғызыншы сынып бітіріп колледжге оқуға түскен қыз өзінің жүкті екенін босануға жақын қалған шағында білген.

«Мен жүкті екенімді сезбедім. Тек тамақты көп жегеннен толған шығармын деп ойладым. Көлік жуатын жерде жұмыс істеп жүрдім. Қасымдағы құрбыларым да, анам да қатты толып кеттің деп ескерту жасап жүрді. Бір күні құрбым жүктілікке тест жасап көруді ұсынды, аяғым ауыр екені расталған соң УДЗ-ға түскенде жүктіліктің сегізінші айында екенін білдім», – дейді Нағима.

Алайда балалы болатынын естіген жігіт жауапкершіліктен бас тартып, әуелі қызға өзіне ендігі хабарласпауын өтініп, үйленіп те үлгергенін айтқан.

«Баланың әкесіне хабарластым, оның тұтқаны көтергеніне қуандым. Ол маған «бала менікі емес, маған ендігі хабарласпа, жақын арада өзім үйлендім, әйелімнің де аяғы ауыр» деп айтты. Ішімдегі баламның әкесі солай айтқандықтан мен қызымды жек көріп, туғанда одан бас тартамын деп шешкен болатынмын», – дейді жылаған қыз.

Жағдайын анасына айтқан бойжеткен қолдау көрмей, ауруханада жатып тек баласынан құтылу жолын іздеген. Тіпті оны туғанда қолына да алмағанын айтады.

«Қызымды қолыма алмастан одан бас тарту құжатына қол қоймақ болғанымда қасымдағы келіншектер мен медбикелер райымнан қайтармақ болды. Қасымдағы бір қыз «осы баладан кейін Құдайдың қаһарына ұшырап басқасын таба алмай қалуың мүмкін» деді. Бірақ мен ешкімді тыңдағым келмей менің өміріме араласпауларын сұрадым. Кейін «Аналар үйінің» өкілдерін шақыртып, солармен сөйлескеннен кейін ғана ойландым», – дейді Нағима.

Жастайынан өмірдің азабын көрген жас қыздың баласы қазір бірден он ай асқан екен. Әлі күнге дейін «Аналар үйін» паналап отыр. Сол орталықтың қолдауымен аспазшы мамандығы бойынша оқу оқып, қараша айында қолына сертификат алады. Орталықтан шыққаннан кейін татуласқан анасымен бірге тұратынын айтады.

Дереккөз: Stan.kz

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.