Жаңалықтар

Коронавирустан көз жұму қаупін төмендететін препарат анықталды

Коронавирустан көз жұму қаупін төмендететін препарат анықталды

Дексаметазон препаратының коронавирус жұқтырып, жағдайы асқынған науқастардың арасында өлім қаупін төмендетені анықталды. Мұндай тоқтамға Ұлыбритания ғалымдары келіп отыр, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Зерттеу нәтижелері Оксфорд университетінің сайтында жарияланған. Осы жылдың наурыз айында Ұлыбританияда Recovery клиникалық талдамасы басталған. Бұл тәжірибеге 175 ауруханада жатқан 11 500 науқас қатыстырылыпты. Аталмыш зерттеуде түрлі дәрі-дәрмектер сыналған. 2 104 еріктіге күніне 6 миллиграмм дексаметазон дәрісі егіліпті. Ғалымдар бұл препараттың өлім деңгейін едәуір азайтқанын аңғарған. Десек те дәрінің жасанды тыныс алу аппаратына қосылмаған науқастардың бойында еш әсері байқалмапты. Зерттеудің жетекшісі, Оксфорд университетінің профессоры Питер Хорби қазіргі таңда дексаметазон коронавирустан көз жұму қаупін төмендететін бірінші препарат екенін ашып айтты. "Бұл үлкен жетістік. Енді дексаметазон науқастарды емдеу қолданылатын басты препаратқа айналмақ. Бұған қоса бұл дәрі арзан және кез келген уақытта халі нашар адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қолдануға болады", - деді британиялық ғалым.