Жансақтау бөлімінде жатыр: Түркістан халқын пневмония қыспаққа алды
Жансақтау бөлімінде жатыр: Түркістан халқын пневмония қыспаққа алды
Ал Түркістан облысының тұрғындарын вируспен қоса пневмония қыспаққа алып отыр. Олай дейтініміз, бар-жоғы екі аптаның ішінде 400-ге жуық адамның денсаулығы нашарлап, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болыпты. Оның 50-ден астамы қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр екен. Симптомдық белгілері короновируспен ұқсас келетін дерттің мұншалықты таралып кетуіне не себеп? Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы екі аптаның өзінде Түркістан қалалық орталық ауруханасына 400-ге жуық тұрғын денсаулығына шағым айта келіпті. Дәрігерлерге жеткізгендерден дене қызуларының көтеріліп, жөтел қысқаны, бойларынан әлсіздік байқалған. "Коронавирусқа ұқсас келетін дерттің себебі қарапайым" дейді ақ халаттылар. Күнделікті тұрмыстағы желдеткішті дұрыс пайдаланбаудан, суға шомылу ережелерін сақтамау сияқты жағдайлардан туындайтын көрінеді. Қарапайым-дейміз ау, салдары болса, қорқынышты: 59 адам жансақтау бөлімінде жан бағып жатыр.
МАРАТ ПАШИМОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: "Ауруханаға түскен азаматтарға шұғыл түрде "Ковид-19" инфекциясына сынамалар алынады. Нәтижесі анықталғанға дейін провизорлық бөлмеде ем қабылдауда. Статистика бойынша қазіргі таңға дейін Түркістан облысы бойынша провизорлық 303 науқас пневмониямен ем қабылдауда. Жалпы жазылып шыққан 87 азамат."
Пневмонияға қарсы ем қабылдап жатқан науқастардың бірі - Әсет Тұраров. Дерттің белгілері 4 маусымнан бастап білініпті. Алғашында дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Біртіндеп тағамға да тәбеті жоғалыпты. Әйтеуір, төртінші күн дегенде беті бері қарап, палатаға шығарылыпты.
ӘСЕТ ТҰРАРОВ, НАУҚАС: "Жөтелу осында 6-сына келгеннен кейін басталды. Оған дейін вообще жөтел болған жоқ. Дем жетпеу де болмады. тек қана температура. Маза қашады, температура. Аппетит жоқ. Иіс сезуден қалдым".
Ал, облыстың бас санитарлық дәрігері даурығатын ештеңе жоқ деп отыр. Бұл жылдағы үрдіс дейді. Тіптен, биыл өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда көрсеткіштер төмендегенін айтады.
НҰРБЕК НЫШАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН САПАСЫН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: "Ол жыл он екі ай болып тұрады. Бірнеше мыңдаған адамдар шалдығады. Жұмыс уақытында,басқа жағдайда тұмауратып қалдым дейді ғой қазақтың сөзінде. Тұмау емес ол бірақ".
Дегенмен, дәрігірлер өкпесі қабанғандар азайды екен деп қамсыз жатқан жоқпыз дейді. Аталған дертке шалдыққан науқастардың жиілеуіне байланысты Кентау қаласынан қосымша 50, ал Түркістаннан 30 орын әзірленіпті.