Қытайлық миллиардерді "ұрлау" операциясы сәтсіз аяқталған
Қытайлық миллиардерді "ұрлау" операциясы сәтсіз аяқталған
Қытайлық миллиардер Хэ Сянцзянді өз үйінен ұрлап әкетпек болған, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Қылмыскерлер оның Фошань қаласындағы зәулім сарайына баса көктеп кіріп, кәсіпкермен қоса үйдегі барлық адамдарды кепілдікке алған. Алайда қытайлық магнаттың ұлы қашып үлгеріп, полицияны шақырған. Дер кезінде әрекет еткен құқық қорғау қызметкерлері кәсіпкер мен оның отбасы мүшелерін қылмыскерлерден азат еткен. Бүгінде кәсіпкерді "ұрлау" операциясын сәтсіз орындаған бес қылмыскер тұтқындалды.
Қытайлық БАҚ болған істің мән-жайын барынша жасырын ұстауда. Бір белгілі болғаны қылмыскерлер шабуыл жасауда жарылғыш затты қолданған.
Еске сала кетсек, Хэ Сянцзянь Қытайдағы ірі тұрмыстық техника шығаратын Midea Group компанияның негізін қалаушысы және басшысы. Кейбір мәліметтер бойынша, оның байлығы 25 миллиард долларды құрайды екен.