Карантин күшейтіліп, блок-бекеттер қойылуда
Карантин күшейтіліп, блок-бекеттер қойылуда
Қатаң карантиндік талаптар республиканың өңір өңірлерінде қайта енгізілуде. Қысқаша айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында індеттің таралуы мен санитарлық талаптардың сақталмауы режимді қатаңдатуға әкелді. Ал Алматыда Көк базар осындай ескертпе негізінде жабылған. Вирустың көбею салдары Қарағанды, Маңғыстау облыстарын да карантинге қайтарды. Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бір аптаның ішінде коронавирус жұқтырған 59 жағдай тіркелді. Осыған орай Ақмола облысының орталығында сауда ұйымдарының жұмыс уақыты қысқартылып, діни және спорттық мекемелер мен азық-түлік сатпайтын дүкендердің есігіне құлып ілінген. Түнгі 12-ден кейін Көкшетаудағы 7 блокпостың жұмысы қайта жанданып, қалада карантин шектеу шаралары күшейтіледі.
АЙНАГҮЛ МУСИНА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:
«Мобильді топтармен біз тексеріс жүргізгенде көптеген орындар қарапайым санитарлық талаптарды сақтап жатпағанын байқадық. Біз тиісті шараларды қолдандық. Десе де ауру жұқтырғандардың саны артып барады. Осыған орай карантиндік талаптарды қайта күшейту туралы шешім қабылданды».
Шығыс Қазақстан облысында да жағдай мәз емес. Карантин 1 шілдеге дейін ұзартылды. Ең қиын жағдай Семей қаласында. Мұнда тұрғындардың вирусты жаппай жұқтыру деңгейі күн санап көбеюде. Облыстағы барлық 234 жағдайдың 162-сі Семейде тіркелген.
МАРАТ ИСМАИЛОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ
«Семей қаласы және Үржар ауданында қатаң сақталуына қайта оралып жатырмыз. Оның ішінде адам көп баратын шоғырланатын жерлерде жұмыс уақыты шектелуде. Және Үржардағы Алакөлге күніне 12 мың адам баруы болғандықтан, ол жерден ауру шығуы мүмкін екеніне байланысты Семей мен Үржарда бөлек карантиндік шара орнатылды».
Алакөл әзірге құшақ жая демалушыларды қабылдап жатыр. Ал Баянауыл мұндай мүмкіндіктен қағылды. Павлодардағы Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов әлеуметтік желіде аудан тұрғындары мен қонақтарына үндеу жолдады. Өңірдегі демалыс аймақтары өз жұмысын тоқтатады.
ҚАНАТ КӘРІМОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
«Баянауыл ауданының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 16 маусым сағат 00-ден бастап Баянауыл, Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр, Біржанкөл демалыс аймағының барлық демалыс үйлері мен жағажайлары санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін жабылды. Бұл - бірінші кезекте өзіміздің амандығымыз үшін өте маңызды».
Алматыдағы ірі сауда орындарының бірі саналатын «Көк базар» өз жұмысын тоқтатты. Оған себеп санитарлық талаптардың сақталмауы әрі, қала басшылығының қойған талаптарына кәсіпкерлердің бей-жай қарауы себеп болып отыр. Ең қиыны 20 базар қызметерінің бойынан вирус анықталған.
Санитарлық талаптар Қызылорда қаласында да орындалмай келеді. Бұл туралы санитарлық нормалардың сақталуын қадағалу мақсатында құрылған мобильдік топ мәлімдеді. Бүгінде шаһарда 26 мыңнан астам кәсіпкерлер болса, мобильдік топпен нысандардың тең жартысы араланды. Оның ішінде 569 нысанға ескертпе парақтары таратылып, карантин кезіндегі санитарлық-дезинфекциялық режим талаптарын өрескел бұзған 23 нысанның мәселесі қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын тексеру басқармасымен қаралатын болған.
БЕКТАС НУРИДИНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бірнеше кәсіпкерлік нысанды араладық бүгіннің өзінде мына санитарлық нормаларды сақтай отырып жұмыс жасап отырғандар да бар, бірақ өкінішке орай орындамай отырған кәсіпкерлік нысандарды да көрдік. Яғни, бет пердесі жоқ, бір реттік қолғаптары жоқ немесе ара-қашықтық сақтамағандар бұзған болып есептеледі. Анықталған кемшіліктерге сәйкес тиісті өкілетті органдарға мәліметтері жолданады».
Түркістан, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау облыстарындағы жағдай да мәз емес. Кей өңірлерде санитарлық талаптар күшейтіліп, карантиндік талаптар созылады. Бұл тізімге күн санап жаңа облыстар мен елді мекендер қосылып келеді. РуспублИканың түкпір-түкпіріндегі атқарушы блік өкілдері тұрғынДардан карантиндік талаптарды сақтаңыздар деп жалынардай болып сұрауда.