Жаңалықтар

8 жерден пышақ жарақаты: жаппай төбелес кезінде 15 жастағы оқушы тіл тартпай кетті

8 жерден пышақ жарақаты: жаппай төбелес кезінде 15 жастағы оқушы тіл тартпай кетті

Күндіз ойын кезінде қызға тиісіп, ерегесіп, кейін жолығып мәселені жұдырықпен шешпек болған. Жамбыл облысында мектеп оқушыларының жаппай төбелесі кезінде бір жасөспірім көз жұмды. Қайғылы оқиға маусымның 12-нен 13-не қараған түні сағат 23:40 шамасында болған. 5 балаға 16 жеткіншектің жабылуы салдарынан, 15 жастағы Оралбек Кетебаев 8 жерден пышақ жарақатын алады. Марқұм 00:40 та емханаға жеткізіліп, аурухана төсегінде жан тапсырады. Ал, туыстары медициналық көмек уақытылы көрсетілгенде бала жанын сақтап қалуға болар еді дейді. "Қан жоқ, қан керек, қанға баратын адам жоқ, деп жүре бергенше бір әрекет жасамадыңыздар ма деп айттым. Менің қолымның не керегі болды адам жанын сақтау үшін. Біреудің шыжбайлап тастаған сиясы құнды болып тұр ма адамның өмірінен?", – деді марқұм Оралбек Кетебаевтың әкесі Бейсембай Құтышев. Төбелес кезінде марқұмның жанында болған ауыл балаларының айтуынша, қақтығыс мектептегі футбол алаңынан басталған. Күндіз ойын кезінде қызға тиісіп, ерегесіп, кейін жолығып мәселені жұдырықпен шешпек болған. Салдарынан, бірі өліп, бірінің мұрын сүйегі сынып, ауруханаға жеткізілген. Тағы 3-еуі жеңіл жарақат алған. "Біз қуаладық. Сол кезде төбелес басталып кетті. Орал мен Зенналадин деген баланы көтеріп ана жаққа қарай қаштық. Орал жүріп келе жатқанда  жағдайы жақсы еді. Бірақ, жемпірінің бәрі қан еді. Бетіне су шашып, қан аққан жерді басып тұрдық", – деді Оралбектің досы Асқар және Санжар. Ал, ақ халаттылар Орабек көп қан жоғалтып, кеуде тұсынан алған жарақаты жүрек пен өкпені зақымдағандықтан аман алып қала алмадық дейді. Ота үстеліне апарғанда жеткіншектің жүрегі тоқтапты. Қазіргі уақытта бұл іспен полиция айналысып жатыр. Төбелеске қатысқандардың барлығын ұстап, жауап алынды. "Жалпы төбелеске қатысы барлардың барлығы анықталып, жауап алынуда. Аталған дерек бойынша, қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті ұсталып, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды", – деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. Бауыр еті баласынан айырылған отбасы енді тергеудің адал өтіп, кінәлілердің лайықты жазалануын талап етуде. Дереккөз: Qamshy.kz