Жаңалықтар

"Шыбын үймелеп, иісі шығып жатыр": Алматыда дәрігерлер қайтыс болған кісінің денесін коронавирусқа сілтеп тастап кеткен

"Шыбын үймелеп, иісі шығып жатыр": Алматыда дәрігерлер қайтыс болған кісінің денесін коронавирусқа сілтеп тастап кеткен

Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғыны редакциямызға хабарласып, екі күн бұрын жұмыс істеп жүрген құрылысшысы кенеттен ауырып, қайтыс болғанын хабарлады. Айтуынша, мәйіттің COVID-19-ға байланысты сараптама нәтижесі белгілі болмай оны жерлеуге болмайды. Атын жасыруды сұраған кейіпкер жалдамалы жұмысшысы Арыстан Ахмеровтің (төлқұжатта осылай көрсетілген - ред.) осыдан екі күн бұрын кенеттен қайтыс болғанын айтады. Алматыда бірде бір танысы жоқ азамат қараусыз қалды дейді. Тіпті, денесін мәйітханаға апара алмай әлек болдық деп отыр.
"Алдыңғы күні түнде жұмыс істеп жүрген құрылысшының жағдайы нашарлап, аузынан көбік ағып қайтыс болған. Қасындағы жігітер жедел жәрдемді шақырған, бірақ олар келем дегенше шыдамады. Келген жедел жәрдем қызметкерлері талма синдромынан қайтыс болды деп жазды. Бірақ медицина қызметкерлері денені алып кеткен жоқ. Өзіміз хабарын береміз, COVID-19 инфекциясына арнайы сараптама алуы керек деп кетіп қалды. Сөйтіп, СЭС қызметкерлері ертеңіне түстен кейін, сағат 4 - те келіп, анализ алды", - деген ол денені неге құқық қорғау орындары алып кетпейтінін түсінбей дал. "Мынандай күннің ыстығында денесі шыдамайды, неге полиция қызметкерлері алып кетпейді деп шырылдағанымызға қараған жоқ. Коронавирусқа байланысты сараптама нәтижесі дайын болмай денені орнынан қозғауға болмайды деп айтты. Қылмыстық полицияға да хабарласқанда ПЦР нәтижесі болмай мәйітті алып кетпейміз деп айтты. Содан мәйітті құрылысшылар тұрып жатқан вагоннан салынып жатқан үйдің жертөлесіне апарып жатқыздық. Салқындау жерде болсын деп орап қойдық. Бірақ есік-терезесі жоқ, салынып бітпеген үй болған соң мәйітке шыбындар үймелеп, аздап иісі де шығып жатыр дейді сол жердегі құрылысшылар", - дейді ол. Бүгін таңертеңнен сараптама алып кеткен қызметкерге хабарласқанда телефонын ала алмаған. "Кеше анализ алып кеткен қызметкерге қоңырау шалсақ, телефонын ала алмай қор болдық. Әзер дегенде хабарласып, сұрасақ, сараптама нәтижесін Жібек жолы-3 мекен жайынан аласыңдар деп сілтеді. Барып анализін қазір ғана алдым. Нәтижесі теріс, коронавирус жұқтырмады деп айтты. Қолыма берген құжаттың көшірмесін полицияға жібердім. Бірақ әлі келмеді", - деген ол мұндай жағдайда құқық қорғау қызметкерлерінен көмек болмағанына ашынды. "Менің ойымша, оқиғаның бұлай болғаны дұрыс емес. Адамның өмірі, адамның денесі ғой бұл жерде. Кеше сараптама нәтижесі үш күнге дейін дайын болады деп айтты. Оған мәйіт қалай шыдайды? Адам денесі үш күнге дейін неге айналады, не қалады? Біздің мемлекетімізде не болып жатқанын түсінбеймін. Осындай жағдайға түсіп қалса, дененің бұзылып кетпесі үшін неге бөлек мәйітхана ашпайды. Ең болмағанда, анализ дайын болғанша мәйітханада ұстай тұру керек еді", - деген ол мен жүгірмесем, адамның денесі далада шіріп жата беретін ба еді деп налыды келіншек. Ақпарат: Stan.kz порталынан