Бір атаның балалары егістік басында суға таласып, 12 адам жарақаттанды
Бір атаның балалары егістік басында суға таласып, 12 адам жарақаттанды
Суға талас - жаппай төбелеске себеп болды. Егістік басында тіршілік көзін бөлісе алмаған диқандар бір-бірінің басын жарып, жағасын жыртты. Куәгерлердің айтуынша таяқ ала жүгіргендер екі әулеттің адамдары. Бұл жұдырық жұмсау олардың арасындағы алғашқы қақтығыс емес екен. Сонда, елді екіге бөлген бұл неғылған су? Ағып жатқан арық болса, оны қалай біреулер иемдене алады? Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бұл - Жетісай ауданы Әл-Фараби ауылында болған оқиға. Егістік басында төбелесіп жүрген азаматтар бір-біріне аяушылық танытар емес. Қашқан жанды қуып жетіп, соққының астына алып жатыр.
Ерегіс әу баста, екі әулеттің арасынан шығыпты. Байжановтар отбасының айтуынша, арықтағы суды бірінші олар пайдаланулары тиіс екен. Себебі, судың ақшасын алғашқылардың бірі болып төлеген көрінеді. Алайда, Ачимовтар жанұясы еш ескертусіз суды өздеріне бұрып алып, білгендерін істеп жатыр дейді.
СЕЙДАХМЕТ БАЙЖАНОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Суды неге қайта-қайта ала бересіңдер, ұят емес пе деп менің інім барған. Сол інімді Ачимов Камиль келіп, білмеймін, әйтеуір Ачимовтардың біреуі ұрған. Ұрған, басы жарылған".
Бірақ, Ачимовтар отбасы бұл уәжбен келіспейді. Байжановтар әулетімен суға таласып, бұған дейін де айтысып-тартысып келгенін айтып отыр.
МАЖИТ АЧИМОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУЫЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Бұл балалармен мен кейін басшылық қылып, балаларым енді үкіметке бермеңдер, ағайын адамбыз, бет қарап болмай, бір бірімізге жау болмайық деп айтқанмын. Құлақ салмады. Ал, мақұл десең он бес күннен кейін тағы біреуді ұрып жығады".
Жаппай төбелестен 12 адам зардап шекті. Оның алтауы «Асық ата» ауылдық ауруханасының жарақат бөліміне түскен. Он күн тұрақты емнен кейін, барлығы үйлеріне қайтарылған. Осы күні, тәртіп сақшыары «бұзақылық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Азаматтардың дене жарақаттарының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сонымен қатар, Жетісай аудандық сотының санкциясымен қос тараптың екі өкілі қамауда отыр. Алдағы күні кепілмен босатылуы да мүмкін екен.
МҰХТАР ЖОЛДАСБЕКОВ ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ: "Олар кепіл дүниесін енгізіп, үйде болуы мүмкін. Тергеу амалдарына қамақта емес, өздері үйден қатынап, тергеуге қатысуға құқы бар".
Айта кетейін, төбелеске қатысқандар тәжік ұлтынан. Және олар бір-біріне туыс көрінеді. Бір атаның балалары екен.