Жаңалықтар

"Қызды ұрма, киесі ұрады!"

Қыз баласын ерекше құрметтеп, аялап, қонақ деп қараған халықпыз. Өз еліне кеткенше, еркелетіп, барынша ренжітпеуге тырысамыз. Үлкеннен кішіге өнеге болып келе жатқан тәрбие өз алдына бөлек. Әрі ел арасында "қызды ұрма, бағын қағасың" деген қанатты сөз де бар. Әрине қыз баласының жаратылысы нәзік, оған қол көтермек түгілі, ауыр сөз айтудың өзі күнә. Алайда бұған көпшілік аса мән бермейді. Осы тұста бір оқиға еске оралады. Сабина есімді қызбен көрші болдық. Біз бала ойынына тоймай жүргенде ол, әлдеқайда ерте бойжеткендей көрінетін. Үйіндегілер де қатал болатын. Әсіресе ағасы үнемі зекіріп, айқайлап сөйлейтін. Бізбен бірге ойнап жұрген ол, лезде ойынды тастай сала, үйіне қарай зымырай жөнелетін. Ешкіммен ашылып та сөйлеспейтін. Жалтақ. Тұйық қыз болатын. Бірде ағасы айқайлап үйіне алып кеткен. Ертеңіне күні бойы ойынға шықпады. Екі күннен соң, оны көріп қалдым. Көзі мұңды, қолы мен денесі көгерген. Айтпаса да түсінікті. Ағасы ұрған. Осылайша бірге өсіп, бойжеттік. Кейіннен орта мектепті бітіріп, оқуға түстік. Ауылға тек демалыс кезінде ғана баратынбыз. Бала күннен бірге өскен көрші құрбым Сабинаны кездестірдім. Сол баяғы қалпы. Екеуміз көп сырластық. Өмір туралы, алдағы жоспарлары туралы айтты. Ата-анасы қайтыс болғалы жыл өтіпті. Ағасы екеуі жұмыс істеп күнелтеді екен. -Сабина!-деп шақырған дауыстан шошып кеттік. Орнымыздан қалай атып тұрғанымызды сезбей қалдық. Жүрегім ұшып кетті. Оның қатты қорыққаны сонша, ештеңе деместен үй жағына жүгіре жөнелді. Мен де соңынан ілесе кеттім. Ауласына кіргені сол, тарс-тұрс төмпештеп ұрғанын естідім. Не ішке кірерімді, не кетіп қаларымды білмей дал болдым. Үйге келіп, анама айттым. Осылайша көршілер жабылып жүріп, бейшара құрбымды ажыратып алғанымыз бар. Біраз уақыт өткен соң, Сабинаның тұрмысқа шыққанын естідім. Ағасының қақпанынан құтылғанына іштей қуандым. Кейіннен естігенім, тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болыпты. Алайда күйеуі жол апатына түсіп, жұмысқа жарамай қалған екен. Ауру күйеу мен бала-шаға бағу Сабинаның мойнында. Жоғары оқуға түсе алмай қалған ол, көже свтып күн көретін көрінеді. Ең бастысы адал еңбек. Ал ағасы ащы судың құрбаны болыпты. Қақаған суықта көшеде мас күйінше ұйықтап қалып, қайтыс болыпты. Айтпағым, қыз баланы құрметтеу, ол өз отбасынан бастау алады. Ханшайымдай өмір сүрсе, алдағы өмірі де сондай болады. Әрине әркімнің маңдайына жазылған тағдыры бар. Алайда келер бақты қайтармаған дұрыс. Әйтпесе "қызды жылатпа, киесі ұрады" деген тіркес қайдан шыққан? Қырық жыл өлімнен қашқан Қорқыт бабаның өзі өлерден алдын соңғы сөзін айтқан екен. "Мені кебіндеп жерлегенде сол аяғымның башпайларын көмбей, сыртқа шығарып тастаңдар. Себебі бозбала шағымда сол аяғымның башпайы қарындасыма тиген еді. Қарындасына қолы, не аяғы тигендердің көрдегі азабы қатты болады. Көмілмеген аяғым кейінгі ұрпаққа өнеге болсын. Қыз баланы ұрып - соқпаңдар. Құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар!" деп өсиет айтқан екен. Ерке-Сұлу Нұрман