«Бір жартыны бөліп ішкен» екі жасөспірімнің бірі ауруханаға түсті
«Бір жартыны бөліп ішкен» екі жасөспірімнің бірі ауруханаға түсті
Полицейлер кәмелеттік жасқа толмаған балалармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, олардың өкілдеріне сөгіс беріп, айыппұл жазды.
Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері ішімдікке сылқия тойып алған екі жасөспірімді ұстады, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Жеткіншектер өздеріне демалыс ұйымдастыруды ұйғарып, жергілікті дүкеннен ішімдік алған. Оларға сатушы қарсылық танытпаған. Ішімдік алған соң балалар көптің көзіне түспес үшін Сарыарқа даңғылындағы бетон блоктарға жайғасқан.
Алайда, жасөспірімдердің демалысы қайғылы жағдайға ұласа жаздады. 0,5 литр ішімдік ішкен олардың бірі ауруханадан бір-ақ шықты. Бүгінде аталған фактіге қатысы бар адамдардың тұлғасы анықталды.
Полицейлер кәмелеттік жасқа толмаған балалармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, олардың өкілдеріне сөгіс беріп, айыппұл жазды. Енді ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша 5 АЕК көлеміндегі айыппұлды жасөспірімдердің ата-анасы мен қамқоршылары өтейтін болады.
Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға алкоголь сатқан дүкен иесі де жазасыз қалмады. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы 1-бөлімі (алкоголь өнімін 21 жасқа толмаған тұлғаларға сату) бойынша хаттама толтырылды.