Соттан әділдік таппаған азамат Президенттен араша сұрайды. Несие алып, оны процентімен өтесе де, баспанасынан айырылған Елорда тұрғыны сот шешімімен келіспей, Жоғарғы сотқа дейін барып еді. Ол жақта да қолдау таппады. Енді соңғы үміті мемлекет басшысында. Ал қазылардың алдында оның құқығын қорғаған адвокат мұндай сорақы шешімнен кейін заң саласынан кетуге дайынмын деп отыр, деп хабарлайды
Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Елордалық Нұрғазиевтер отбасы шаһар маңындағы ауылдан кәсіп ашпақ болып, 20 млн теңге қарыз алған еді. Кепіл ретінде пәтерін қойған. Жоспар орындалмаса да, қарыз мерзімінен бұрын барлық проценттерімен жабылған. Бірақ, баспана қайтпады. Тіпті, өзгеге сатылып кетті. Сөйтсе, Нұрғазиевтерден бөлек тағы бірнеше адам кредит алып, кепілдері ортақ болыпты. Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан ақша алып, оны үлестірген микроқаржы ұйымы да ондай шарт туралы білмедік дейді.
КЛАРА РАМАЗАНОВА, МИКРОҚАРЖЫ ҰЙЫМЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
"Үйден айырылдым мен. Торгқа қойып, айырылдым өзім үйімнен. Өйткені мен директор болған соң, гарант болған соң. Олар басқа біреу үшін жауап беретінін сіз білген жоқсыз ғой сонда? Мен білген жоқпын! Маған былай айтты. Кімге бересіз, қанша бересіз, сол өзінің ғана алған сомасына жауап береді. Мен соларға солай түсіндіріп айттым".
Бірнеше сот процесін артқа тастап, Жоғарғы сотқа дейін жеткен кез еді бұл. Алғашқы отырыста тоқетерін таба алмаған фемида өкілдері жайтты жіті қарастыруға уақыт алды. Арада карантин жарияланып, процесс біраз шегеріліп, ақыры онлайн форматта өтті. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры әуел баста "біздікі дұрыс" деген позициядан тайынбады. Қарыз алған Нұрғазиевтер шартпен танысып, қол қойған дегенді алға тартты.
РҮСТЕМ МҰҚАЖАНОВ, "АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ҚОРЫ" АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
"Кепілге қою туралы келісімге өзі қол қойған. Шарттың әр бетінде ұолы бар. Одан бөлек жолдасы пәтерді кепілге қоюға қарсы емес екені туралы нотариалды бекітілген құжаты бар. Нұрғазиев бізден қарыз алған жоқ. Барлық шағымын Микроқаржы ұйымына жолдағаны дұрыс болады".
Арызданушы Нұрғазиевтің сөзіне сенсек, Жоғарғы сот "Ауыл шаруашылығын қолдау қорын" қолдаған. Шешімге сәйкес, бұған дейінгі сот шешімдерінде мін жоқ.
АЗАМАТ НҰРҒАЗИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
"Жолдасым қазір больницада жатыр. Соттан кейін келесі күні өте қатты ауырып қалды. Содан соң жедел жағдайда больницаға апарды. Жатыр. Менің қорқатыным, сол баланың, әйелімнің денсаулығына қорқып отырмын".
Шешімді естіп, адвокат та есеңгіреп қалғанын жасырмады. Жоғарғы сот төрағасының қабылдауына бару үшін өтініш тастапты. Бар үміт енді Жақып Асанов пен Президентте дейді.
РАСУЛ КӨШКІНБАЕВ, КӘСІБИ ЗАҢ КЕҢЕСШІЛЕРІ ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
" Біздің жағдайымызға Президентіміз, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Жоғарғы сот төрағасы назар аударса екен дейміз. Қарызды төлей отырып, баспанадан айырылып жатқаны қисынсыз. Егер ашық процесс өткізіп, тәуелсіз сарапшылар біздің тараптыкі дұрыс емес екенін дәлелдеп, бетіме басса, бұл саладан кетуге дайынмын. Қызмет етер ниетім таусылды".
Нұрғазиевтерден бөлек қарыз алғандардың бірі 31 млн теңгелік борышын мүлде өтемеген секілді. Қарызды үлестіремін деп өз үйінен айырылған Қаржылық ұйым басшысы неліктен сол азамат жауапқа тартылмай жүргеніне таң қалатынын жеткізді.
https://www.youtube.com/watch?v=ZdhUY4hZDhQ