Жаңалықтар

Әулиелі шаһар әлеуеті

Әулиелі шаһар әлеуеті

Амантай Шәріп, Филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі: «Әулиелі шаһар әлеуеті»  width= – Амантай Жарылқасынұлы, Түркістан шаһарының тарихы тереңнен тамыр тартады. Қазақ хандығының астанасына айналғанға дейін де ол неше ықылым замандардың куәсі болғаны анық. Ғалым ретінде сол жайында бір-екі ауыз сөз айтсаңыз... – Ол рас. Ескі жазба деректерде Ясы, Шауғар, Қырық қақпалы Қарашық, Әзірет Сұлтан атауларымен ұшырасатын Түркістанның бағзы қыртыс-қабаттарының мол екендігі сөзсіз. Сондықтан оны Жәмшид шах тұрғызған немесе Яфеттің немересі Түрік ханның ұрпақтары салдырған деген мифтік-аңыздық сарындағы әңгімелер көптеп ұшырасады. Бұл қала ежелден Шығыс пен Батыс өркениеттерін, отырықшы және көшпелі өмір салттарын өзара жалғап жатқан дәнекер іспетті болған. Түбіне үңілсек, кейіннен бір қаланың атауына айналған «Түркістан» этногеографиялық ұғымының ауқымы өте кең екендігін аңғарар едік. Алаш арысы Қошке Кемеңгерұлы «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ер жетіп, өсіп-өнген ордасы – Түркістан» деп бекер айтпаған. Оның күллі түркі әлемін аясына сыйғызған осы мағыналық қауызы бірте-бірте тарылып, кеңес билігі тұсында тіпті қусырылды. Бірақ соның өзінде жұрнағын жоғалтқан жоқ. Бір ғана мысал келтірейін. Кезінде қазақтың кіндік қаласы болған Орынборға былтыр жұмыс бабымен жолым түсіп, аралап көрдім. Өткенімізге қатысты өзекті өртер, көзімізден бұлбұл ұшқалы тұрған тарихи құндылықтармен таныстым. Сонда мені таң қалдырған нәрсенің бірі – қаланың орталық бөлігінде Түркістан атты көшенің сақталып қалғандығы. Тақтайшадағы «ул.Туркестанская» деген жазуды көргенде сенер-сенбесімді білмей, кәдімгідей абдырап қалдым. Қала туралы анықтамалықты ақтарып қарасам, «бұл көшенің аты Орта Азия мен Қазақстандағы түркі халықтары жайлаған ұланғайыр аймақтың құрметіне қойылған» делініпті. Керемет қой! Ол – ол ма, кейіннен білдім, Украинаның Харьков қаласында да «Түркістан көшесі» бар екен! Оның да атауының себебі сол болып шықты. Міне, осыдан соң, әрбір қазақтың санасына сәуле себуі үшін еліміздің іргелі елді мекендерінде Түркістан көшесі міндетті түрде болуы тиіс деген ой келді. Онымен Ясауи көшесі қосарласып жатса, тіпті нұр үстіне нұр. Тоқ етерін айтсам, арғы тарих пен бергі тарихтың арасындағы сабақтастықты мен осындай жайттардан байқаймын. – Түркістан өңіріне туристік нысан ретінде ғана қарау қаншалықты дұрыс және оның адамзаттық құндылықтар ауқымындағы орны қандай деп ойлайсыз? – Меніңше, Түркістан – ең алдымен зиярат мекені, содан соң туризм аймағы. Сондықтан облыс орталығының ол жерге көшіп баруы – тек стратегиялық маңызды қадам ғана емес, зор жауапкершілік. Ұлтымыздың ұйық жері, яғни аруақты асылзадаларымыздың сүйегі жатқан топырақ тазалықты тілейді. Елдің жадында «Ясауидің мөрі» деген ұғым сақталған. Біз киелі қоныста қандай шаруаны қолға алсақ та, «әділ ұйғарым», «иманды тоқтам» мәнін білдіретін осы қағидадан айнымауға тиіспіз деп ойлаймын. Әлемде ресми елордасымен қатар, рухани астанасын белгілеп алған мемлекеттер ұшырасады. Мәселен, Варанаси (Үндістан), Андон (Оңтүстік Корея), Киото (Жапония), Конья (Түркия), Толедо (Испания), Аглона (Латвия), Полоцк (Беларусь), Полтава (Украина), Ченстохова (Польша), Вагаршапат (Армения) қалалары осындай мәртебеге ие. Бұлар әуелде белгілі бір діннің сол елдің ішінде орнығуына діңгек болғаны үшін құрметке лайықталған. Сонымен қатар, халықтың рухани құндылықтарының, адамгершілік ұстанымдарының ошағына айналып, әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлерін тәрбиелеп шығарғанын да өнеге санайды. Мысалы, байырғы қыпшақтар арқылы тарихи жолымыз түйісетін Грузияның рухани астанасы – небәрі сегіз мың тұрғыны бар Мцхета қаласының шежіресі қызық. Оның айырықша қасиеттілігі Әулие Нино есімімен байланыстырылады және грузиндер христиандықты осы арада қабылдап, ол ғибадатшылар легі үзілмейтін «Екінші Иерусалим» атанған. Әрі Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған делінетін Арарат тауына таяу орналасқан. Көне грузиндердің астанасы болып, үстінен керуен жолы өткен. Қаладағы Светицховели храмында патшалар таққа мініп, сонда жерленген. Ерте заманда араб шапқыншылығы салдарынан өз кейпін жоғалтып ала жаздаған. Ал қазір – бірте-бірте дамып келе жатқан туристік аймақ. Міне, көріп отырғанымыздай, Мцхета мен Түркістан арасында киелі мекен, ғибадатхана, қабірстан, биліктің ту тіккен жері, ұлы жолдың бойында жайғасуы, Нұқ пайғамбар кемесі тоқтаған аймаққа жақындық секілді ұқсастықтар бар. Христиан әлемінің жалғыз мысалы Түркістан шаһарын күлліадамзаттық құндылықтар аясында қарастыруға болатындығын көрсетеді. Орта ғасырларда Еуропа саяхатшылары Түркістанның төрт тарапқа қарай ашылған төрт қақпасын картаға түсірген. Олар – қаланың, Мағжан айтқандай, «екі дүние есігі» болғандығының, яғни әлемге құшақ жайғандығының символы. Сөйтіп, Түркістан шартараптың түкпір-түкпірімен осы уақытқа дейін құрлық арқылы байланысып келсе, енді салынып жатқан әуежай оның өрісін аспан жолы арқылы кеңейтетін болады. – Түркістанды күллі әлемге таныту жолдары қандай? Сондай-ақ, туристік инфрақұрылымды жетілдірмейінше, Түркістанға ат басын тірейтіндердің қатарын молайту қиынға соғады деген пікір бар. Бұған қалай қарайсыз? – Өз өмірімнен тағы бір мысал келтірейін. 1995 жылдың жазында Америка Құрама Штаттарына бір жарым айлық сапарға бардым. Есімде қалғаны, Оклахома штатындағы Эуфэула деген кішкентай қалашықта форум өтіп, соның үстінде Техас университетінің профессоры менен Қазақстан туралы егжей-тегжейлі сұрады. Ол уақытта біз туралы америкалықтар мүлде ештеңе білмейді. Жеріміздің аумағы төрт-төрт жарым Техас штатына пара-пар екендігін, астында Менделеев кестесінің барлық элементтері кездесетінін айттым. Басын шайқап, қайран қалды. «Сіздердегі Гранд Каньон шатқалы секілді, бізде де Шарын және Маңғыстау шатқалдары бар, тек жарнамасы жоқ, сондықтан әлемге танылмаған» дегенді де қостым. Сонымен, сығыр көз әлгі профессор көзілдірігінің әйнегін қайта-қайта сүрткілеп, әңгіменің растығына күмәнданған күйі жөніне кетті. Содан... өткен Жаңа жылдың дәл қарсаңында, 31 желтоқсан күні АҚШ-тың біздің елдегі елшісі Уильям Мозер экраннан сөйлеп отыр. Не айтты дейсіз ғой? Құттықтау сөзінде: «Қазақстан мен таң қалдыруын қояр емес. Мені көбіктене толқыған Каспий теңізінің, ұлы Шарын шатқалының сұлулығы ғажап әсерге бөледі», - деді. Сөйтіп, Гранд Каньон елі өкілінің аузынан 25 жылдан соң, «Ұлы Шарын шатқалы» деген сөзді естіп, өзім таң қалдым. Баяғы профессор дереу есіме түсті... ​Сондықтан Түркістан шаһарының да, өзі тұрғылас анау Самарқан, Бұхара секілді, келешекте тек түркі, мұсылман ғана емес, былайғы күллі әлемге де кеңінен танылатынына шек келтірмеймін. Барғанда көрдік, туристер Бұхараны – «восточная красавица без макияжа», ал Самарқанды «восточная красавица с макияжем» дейді екен. «Шығыстың қос шынары» дегенді де есітіп жүрміз. Түркілер үшін «екінші Мекке» атанған Түркістанның да барша дүние жүзіне даңқы жайылар жөні бар. Әлбетте, Түркістан өңіріндегі туристік инфрақұрылымның жағдайы – әсіресе шетелдік саяхатшылар үшін шешуші фактордың бірі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жоспарлар жасалып, жүйелі жұмыстар басталып кетті. Солар өзінің игі нәтижесін береді деген үміттеміз. Әзірет Сұлтан кесенесі аумағындағы жер асты мешіті, құдықхана, тайқазан, т.б. киелі атрибуттардың функционалдық маңызы ашыла түскені абзал. Бір кереметі, қасиетті мекеннің флорасы мен фаунасы да айырықша сипатқа ие болған сияқты. Мысалы, ХІХ ғасырдағы орыс саяхатшылары Әзірет Сұлтан кесенесіне өте сирек кездесетін, елдің қонысына жақын жүретін, адам баласынан үрікпейтін құс – ақ дегелек ұя салатынын таңдана жазып кеткен. Және ақ дегелек ұя салған жерде міндетті түрде мұнара болады. «Түркістанның ақ дегелегі» атанған бұл әсем құс бір қонақтаған жеріне ғасырлар бойына бауыр басады екен. Ақ дегелек – шаңыраққа бақыт пен береке сыйлайтын құс. «Дегелек келді – жаз келді» деп қазақтар оны ақжарылқап мезгілдің жаршысындай көрген. Ел арасында «ләйлек» деген атпен белгілі бұл құсты еуропалықтар да айрықша қадір тұтатыны мәлім. Ендеше, Түркістан қаласының гербінде немесе сәулет бітімдерінде ақ дегелектің бейнесі көрініс тапса, жұрттың назарын аударар еді. Қалай болғанда да, Түркістан қаласы байырғымыз бен бүгінгімізді үйлестіріп, болашақ рухани келбетімізге айшық болуға лайық. Оның гүлдене дамуы Қазақстанның әлемдік қоғамдастық алдындағы мәртебесін арттыра түседі. Тимур Атабаев