Жаңалықтар

«Nur Otan» - праймериз: мақсат, әлеует, дискриминация және рейтинг

«Nur Otan» - праймериз: мақсат, әлеует, дискриминация және рейтинг

Осы жылы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Нұр Отан» партиясы өз тарихында алғаш рет праймериз яғни партияішілік сайлау өткізеді. Бұған дейін әлеуметке етене таныс болмаған саяси процесс – праймериз туралы және оның өту ерекшеліктері хақында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Арман Оразбайұлы Қырықбаев Бақытжан Бұқарбайдың Instagram әлеуметтік желісіне жүргізген тікелей эфирі барысында жауап берді деп жазады newsroom.kz ақпарат агенттігі.  width= Арман Оразбайұлының сөзінше, праймериздің басты мақсаты – партияның сайлауалды тізіміне енетін депутаттардың сапалық құрамын мейлінше жақсарту. Бұл алдын ала ауқымды бәсеке және дода ұйымастыру арқылы жүреді. Атап өтерлігі, Қазақстанда бұрын-соңды партияішілік сайлау өткен емес. А.Қырықбаев бұл айналып келгенде Қазақстанның саяси және партиялық дамуы үшін қажеттігін алға тартты. «Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ «Нұр Отан» партиясы еліміздегі ең әлеуетті, саны жағынан басым, ресурстық базасы тұрғысынан да ауқымды ұйым. Атқарушы билікте отырғандардың басым көбі партияға мүше. Қолында билігі барлардың көбі партия құрамында. «Нұр Отанның» өз ішінде алдын ала осындай әділетті сайлау өткізілетін болса, сол таңдаудың нәтижесінде оның болашақ депутаттығына үміткерлер мықты лидерлерден құралса, ол ертең елге қызмет ететін Мәслихаттардың да, Мәжілістің де мықты болуының бірден бір кепілі. Сондықтан бұл еліміз үшін оң өзгеріс алып келеді деген сенімдеміз», - деді ол. Праймериз өтеді деген хабар тарағалы бері оған қалай қатысуға болады, ол үшін міндетті түрде партия мүшесі болу керек пе деген сауалдар көпшіліктің көкейінде жүргені рас. Арман Қырықбаев «Нұр Отанның» праймеризіне үміткер ретінде қатысу үшін азаматтың міндетті түрде партияның мүшесі болу қажеттігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, егер кез келген қазақстандық праймеризге қатысам деп шешім қабылдаса, партияның аудан, облыс, я қаладағы бөлімшелерінің біріне барып, өтініш жазып, содан кейін партияның бұрынғы жарғысымен танысып шығады. Егер «Нұр Отанның» жарғысындағы талаптармен толық келісіп, құндылықтарын мойындайтын болса, өтініш беріп, партияның қатарына қосыла алады. Артынша праймеризге үміткер ретінде тіркеледі. «Нұр Отан» партиясын Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай еліміздің бар азаматына, оның ішінде жастарға беріліп отырған әлеуметтік лифт, мүмкіндік деп есептеу керек. Әрине, Қазақстан азаматтарының көзқарастары бір-біріне көп жағдайда сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ бәріміздің ойлайтынымыз еліміздің тәуелсіздігі, азаматтардың құқықтарының сақталуы, әлеуметтік жағдайы болғандықтан, негізгі мақсаттың бәрі осыған келіп тоғысады. Біз есікті барша азаматқа айқара аштық», - дейді «Нұр Отан» партиясының хатшысы. Атап өтерлігі, өткен жылы «Нұр Отан» 10 мың партия мүшесінен тұратын резерв дайындады. Бұл резервтегілер мен праймеризге сырттан келіп қатысатындар арасында әділ бәсеке өтуі мүмкін бе деген сауал туындайды. Ақиқатында, партияға бұрыннан мүше азаматтар мен жаңадан қосылған азаматтар арасында алалау, құқықтың тапталуы сынды мәселелер орын алмай ма деп көңілге селкеу түседі. Арман Оразбайұлы «Нұр Отан» партиясы әлбетте өзінің ішкі саясатын жүргізіп отыратынын, алайда қазіргі таңда партияның 800 мыңнан астам мүшесі барын алға тартты. Оның сөзінше олардың ішінде қайсының әлеуеті мықты, кімнің еңбек өтілі қандай, қай салада мықты сынды сұрақтар туады. Осы себептен партияның кадрлық резерві жасақталды. Бірақ бұлардың бәрі праймеризге қатысады деген талап еш жерде жазылмаған. «Егер аталған 10 мың адамның ішінен ертең аудандық мәслихатқа депутат болғым келеді, облысқа барамын я партияішілік додаға түсемін дегендерге мүмкіндік жасаймыз. Алайда ең бастысы праймеризге қатысып жатқан және бұрыннан «Нұр Отанның» мүшесі болған не резерв құрамындағы азамат пен жаңадан қосылған азаматтың құқығы тең», - дейді А.Қырықбаев. А.Оразбайұлы праймериз өткізуден бұрын оның арнайы ережесі қабылданғанын атап өтті. «Бұл кез келген партияның мүшесі әсіресі партияның басшылық органдарына жұмыс істейтін азаматтар орындауын міндеттейтін үлкен құжат», - деген ол құжатта партияішілік сайлау процесі жүріп жатқанда ешқандай шектеулерге, біреудің құқығын аяққа таптауға жол берілмейтіндігі нақты атап көрсетілгенін сөз етті. Ескеретін жайт, 15 маусымнан 2 ай көлемінде арнайы оқыту дәрістері жүргізіледі. Әрі праймериз өткізудің тәртібі ғаламторда да жарияланған. Сондай-ақ партияішілік жиындар да бұл туралы ескертіп айтылып отырады, дейді ол. Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай праймеризге қатысты көпшіліктің пікірін әлеуметтік желіде зерттегенін және «Нұр Отанның праймериз өткізуіне олардың рейтингісінің сәл азайғаны себеп» деген ойларды көзі шалғанын айтты. Партия хатшысы Арман Қырықбаев «көп жағдайда «Нұр Отанға» байланысты пікір сол айтушы адамның партияға деген көзқарасына тікелей тәуелді» деген ойда. Оның сөзінше «Нұр Отан» қазіргі уақытта елде болған пандемия, Мақтааралда болған су тасқыны т.б жағдайларда үлкен белсенділік танытты. «Сондықтан «Нұр Отанның» рейтингісіне қатысты пікірді нақты істерге байланысты айту керек», - деп түйіндеді А.Қырықбаев.