Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
10 маусым, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Шымкентте әріптесін зорлаған дәрігердің ісі қайта қаралды – сот үкім шығарды

Шымкентте әріптесін зорлаған дәрігердің ісі қайта қаралды – сот үкім шығарды

Шымкентте әріптесін зорлаған дәрігердің ісі қайта қаралды – сот үкім шығарды
ашық дереккөзі
Шымкент соты медбикені зорлады деп айыпталған дәрігердің ісі бойынша қабылданған шешімді қайта қарады. Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі  Caravan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылдың 9 маусымдағы қаулысымен аудандық соттың 2019 жылдың 21 қазанындағы ақтау үкімінің күші жойылып, жаңа айыптау үкімі шығарылды, деп хабарлады Шымкент қаласы сотының ресми сайты. "Жаңа айыптау үкімімен Н.-ға қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігімен ("Зорлау") 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал 121-бабының 1-бөлігімен ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кодекстегі 58-баптың 2-бөлігін ("Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау") басшылыққа алып, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру арқылы Н.-ға түпкілікті 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – делінген ақпаратта. Сотталушы сот залында қамауға алынды. Апелляциялық үкім 2020 жылдың 9 маусымында заңды күшіне енді.
Сонымен қатар сот алқасы моральдық зиянды өтеу туралы жәбірленушінің қойып отырған азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына сотталған азаматтан 1 миллион теңге өндірілді.
Сот алқасы жаза тағайындау кезінде қылмыстық кодекстің 52-бабының ("Жаза тағайындаудың жалпы негіздері") талаптарын сақтай отырып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басына байланысты деректерді, оның жазасын ауырлататын мән-жайлардың болмағанын, асырауында жас балаларының болуын ескерді.
"Апелляциялық сот алқасы сот тергеуін қайта жаңғыртып, іс материалдарын объективті түрде жан-жақты әрі толыққанды зерттеп, зерделеп жәбірленушінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі және сот отырыстарындағы біркелкі берген жауаптарын шынайы деп бағалады. Н.-ның тарапынан зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері болған деп таныды", – делінген хабарламада.

Бір кабинетте отыратын әріптесін зорлады

2019 жылы 18 сәуірде Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық аурухананың медбикесі полицияға арыз жазды. Айтуынша, 16 сәуірде оны бір кабинетте отыратын әріптесі жұмыс орнында зорлаған. Тергеу ұзаққа созылып, іске "НеМолчи.KZ" қоғамдық қозғалысының лидері Дина Смаилова араласты. Нәтижесінде, резонанстық іс сотқа жетіп, айып тағылған нефролог дәрігер сәуір айында қызметінен босатылған. Тергеу барысында ол кінәсін бірде мойындап, бірде бас тартқан. Басында дәрігер өз кінәсін мойындаған. Оның сөзі видеоға да түсірілген. Алайда сотта ол сөзінен бас тартып, мүлдем басқа жерде болғанын мәлімдеді. Аурухананың бейнекамералары түсірген видео материалдар жоғалып кетті. Күдіктінің кешірім сұрап жатқан видеосы да іске қосылған жоқ. Аурухана басшылығы зардап шеккен медбикеге қысым жасап, ымыраға келуді талап еткен. Ал сот кезінде куәгерлер мен медициналық сараптаманың нәтижесі расталған жоқ.