Бейсен Құранбектің көзі тірісінде берген сұхбаты
Бейсен Құранбектің көзі тірісінде берген сұхбаты
ашық дереккөзі
Бейсен Құранбектің көзі тірісінде берген сұхбатын журналист Жадыра Нармаханова жинақтап жария етті. Соның ішінде тележүргізушінің жас тілшілермен сөйлескен сұхбаты бар.
Бұл туралы "Жас өркеннің" жас тілшілерімен кездесуінде айтылды.
Мейірман Қалдыбекұлы: Өткенде сізбен әлеуметтік желі арқылы сөйлескенімде: «Жеңгеңнің мінезі нашар. Сондықтан фэйсбукте ұзақ отыра алмаймын», – деп едіңіз…
Бейсен Құранбек: Балаларыма жақсы әкемін, бірақ жеңгелерің жақсы деп мақтаған жоқпын ғой.
Мейірман Қалдыбекұлы: Бір ағаларымыз бар, әйелдің айтқанынан шыға алмайтын. Сіз өзіңіздің дегеніңізбен жүресіз бе, әлде жарыңыздың айтқанын істейсіз бе?
Бейсен Құранбек: Оһо, мына жер «Айтуға оңайдың» студиясына айналып бара жатыр ғой. Бастап жібереміз бе? Олай болса… Баяғыда бір хан: «Бұл елде еркек қалған жоқ, бәрі әйелінің айтқанынан шыға алмайды», – деп күйініп, әскерін жинап: «Батырларым менің, сендердің арқаларыңда елдің іргесін бекіттік, талай жерді жауладық. Бірақ қазіргі күні сендерді әйелдерінен қорқады дейді. Араларыңда әйелден қорықпайтын қайсың бар? Қорқатындарың бері жылжыңдар», – дейді. Сонда бір ғана адам орнынан қозғалмайды. Хан қуанып: «Батырым, бар екенсің ғой. Шынында да әйеліңнен қорықпайсың ба?» десе, әлгі батыры: «Неге қорықпайын? Қорқам. Әйелім «басқалар қайда барса, онда барсын, сен орныңнан қозғалма деген», – депті.
Бейсен Құранбек: Ата-анаңызды тыңдамаңыздар, жақсы жігіт кездессе, 1-курста-ақ тұрмысқа шығыңыздар Хан бұдан кейін де үмітін үзбей әйелінен қорықпайтын батыр іздестіреді. Бір ауылда батыр бар екен дегенді естіп, уәзірін жібереді. Уәзір барса, шынында да жауырыны қақпақтай, төсі айқаптай, даусы аюдай ақырған батыр шығады. Уәзір мән-жайды түсіндіріп: «Сізді әйелден қорықпайды дейді» десе: «Әйелден қорқатындар еркек емес!» деп ақырады. Уәзір де ақылды ғой: «Әйелінен қорықпайтын батырға хан иемнің жіберген екі тұлпары бар еді, соның біреуін таңдап алып қалыңыз», – дейді. Сөйтсе, әлгі батыр: «Әй, бәйбіше, мына аттардың қайсысын аламыз?» – депті. Уәзір содан бері қапа болып, елдің ішінен әліге дейін әйелінен қорықпайтын еркек іздеп жүр екен деседі.
Жадыра Аққайыр: Сонымен, келіншегіңіз жақсы адам болды ма?
Бейсен Құранбек: «Адам қартайғанда әйелін мақтайды» дейді ғой. Жеңгелерің тіл маманы. Мектепті де, жоғары оқу орнын да «қызылмен» бітірген. Ағылшын, араб тілдерін меңгерген. Иогадан балаларға тегін сабақ үйретеді.
Айзада Жайыққызы: Өзіңіз қай спорт түрімен айналысасыз?
Бейсен Құранбек: Айкидомен шұғылданамын.
Дереккөз: Oinet.kz порталынан