Шенеуніктер жылқы шаруашылығын ысырып қойып, шошқа бизнесін дамытуға кірісіп кетіпті.
Халқымызды жеңсік асы - еттен, малдың басы жылқыдан айырып, бүтіндей болмысы Қамбар ата түлігімен біте қайнасып кеткен қазақты аттан түсіру саясаты әлі жүргізіліп жатқан жақ па? Ел карантин деп өз басымен әуре болып жүргенде шенеуніктер қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығын ысырып қойып, шошқа бизнесін дамытуға кірісіп кетіпті, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Белгілі журналист, тележүргізуші Мақсат Толықбай өзінің
facebook парақшасына жылқы шаруашылығына қатысты сұмдық жайттың бетін ашып көрсеткен жазба жариялады. Оның айтуынша, бұдан былай мемлекет жылқыға бір теңге, тіпті бір тиын да субсидия бөлмейтін болыпты. Есесіне шошқа баққанның жағдайы жақсармақ көрінеді.
«Құрметті, Достар! Мына бір дүниені түсіндіріп беріңіздерші, менің ақылым жетпей отыр. Біз айтамыз ғой, қазақ халқы үшін жылқының орны бөлек, жылқы деген малдың патшасы, кезінде ата-бабаларымыз аттың үстінде отырып осы бір ұлан-байтақ жерде қорғап қалған деп. Бірақ бұдан былай мемлекет жылқыға бір теңге тіпті бір тиын субцидия бөлмейтін болды. Тіпті ұсақ мал қойдың өзінің жем-шөбіне деп жылына төрт-ақ мың теңге бөледі. Ал бұл субсидиялардың барлығы қайда кетіп жатыр дейсіз ғой?! Оның барлығы шошқа шаруашылығын дамытуға жұмсалмақ. Яғни бұдан былай бір шошқа сатып алатын болсаңыз мемлекет сізге 140 мың теңге ақша береді. Әрі ол қайтарымсыз ақша», - деп мұңаяды өз жазбасында.
Ол аз десеңіз одан бөлек жем-шөбі деп беретін сыйы тағы бар екен. «Доңыздың қарны ашып қалмасын деп жылына тағы 40 мың теңгеден беретін болды. Мен түсінер едім, егер де жылқы, қой шаруашылығы дамып кетіп, еттің келісі 300 теңгеден болса, ол бөлек әңгіме. Әлде біздің қазақ халқы тек қана шошқаның етін ғана жейтін болған ба? Ауылдағы шопандар онсыз да әрең жүр, жем-шөпке ақша таппай. Олардың ауызынан жырып субсидияның барлығын шошқа шаруашылығына аудару қаншалықты дұрыс?», - деп сауал тастаған.
Сондай-ақ, ол төрт түліктің төресі жылқы мен қойдың санын 90 миллионға жеткізу арқылы байып отырған моңғол елін елін мысал ете отырып, субсидия деген аспаннан өзінен-өзі жауып жатқан ақша емес екендігін айтады. Соңында «сіз бен біздің ақшамызды ешкімнен сұрамастан шошқа шаруашылығын дамытуға салу дұрыс емес», - деп ойын аяқтайды.
Мақсатың бұл жазбасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Астына жазылған пікірлер де тым көп, әрі бір-біріне ұқсас. Үкіметтің бұл саясатын қолдап жатқан ешкім көрінбейді. Көбісі қазақтың намысына тиетін, ұятты жағдай екенін жазған. Тағы біразы «қазақ жеріндегі өзге ұлттарды байыту» десе біразы «қазақты мәжбүрлі түрде шошқа етін жеуге үйрету!» деп баға берген.
Б.Нұратай