Жаңалықтар

«Worldskills Turkestan 2020» чемпионаты басталды

Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған «Worldskills Turkestan 2020» чемпионаты басталды. Өңірлік іріктеу байқауында 319 студент 46 мамандық бойынша бақ сынайды, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. Бірнеше мамандық бойынша байқауға қатысқан студенттердің чемпионаты 10 күнге жалғасады. Сайыста жастардың тәжірибелік дайындығы мен кәсіптік біліктілігі шыңдалып, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениеті қалыптасады. Сондай-ақ, заманауи, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны іс жүзінде қолдана алу біліктілгі сыналады. Байқаудың биылғы ерекшелігі, Түркістандағы маңызды құрылыс саласына мейлінше назар аударылып отыр. Сайыс жеңімпаздарына ұлттық чемпионатқа жолдама беріледі деп жоспарланған. Сондай-ақ, арнайы сыйлықтар қарастырылған. Айта кетейік, жастар аталған чемпионатқа 2015 жылдан бастап қатысып келеді. Сол жылдар ішінде қол жеткізген жетістік аз емес. Мәселен, былтыр Нұр-Сұлтан қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan - 2019» V республикалық чемпионатына облыстан 33 студент қатысқан болатын. Оның ішінде 17 дарынды жас 4 алтын, 2 күміс, 2 қола, 9 медальон жеңіп алған еді. Жалпы командалық есепте облыстың студенттері үшінші орынды иеленген болатын.