Суретте: Бердіқожа Жолтаев пен жұбайы Қанипа Мұқашқызы. 1963 жыл, Өлгей қаласы
Қобда бетіне табан тіреген тұс Бердіқожаның балалық шағы жайлы біздің білетініміз жоққа тән. Тек байөлкелік журналист Тоқан Бодауханұлы Б.Жолтаев туралы жазып, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде 2009 жылы 29 сәуір күні жариялаған «Тағдырдың желі айдаған тарлан аға» атты көлемді мақаласында: «Бердіқожаның балалық шағы Өскемен қаласы маңындағы Арғанаты мен Айыртау арасында қой мен қозы соңында өткен», – деген бірауыз дерек бар. 1930 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумының соңғы баспалдағын бітіретін тұста курстас досы Қайырбай Тілеубердинмен бірге Моңғолияға, Қобда бетіне келеді. Бұл екі азаматты моңғол қазағын оқытсын, жас буынға жаңа дәуір ілімін үйретсін деп сонау итарқасы Семейден жетелеп алып келген адам – Шәріп Өтепов. Шәкең бұл кезде КЖИ (Коммунистік Жастар Интернационалы) жолдамасымен Қобда бетінде қызмет атқарып жүрген. Осы оқиға жайлы Шәріп Ғайсаұлы 1981 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Жалындаған жастығым – комсомолым» атты ғұмырнамалық естелік кітабында: «1930 жылы мен КССР-ге демалысқа келіп, Қазақстаннан екі мұғалімді Моңғолияға алып бардым. Олар – Бердіқожа Жолтаев пен Қайырбай Тілеубердин еді. Бердіқожа Өскеменнің Ахмер ауылының, Қайырбай Семейдің Бесқарағай ауылының азаматы еді», деп жазыпты. Осылайша, заты қазақ дегені болмаса, жат жерге табаны тиген қос азамат ел аралап, теңізден маржан сүзгендей мектепке оқушылар жинайды. Оның үстіне діни жаһилдікке шырмалған қауым жаңа заман оқуын жатырқайды-ай келіп. Айтатын уәждері: «Баламыз кәпір болып кетеді». Қаламгер Тоқан Бодауханұлы өзінің жоғарыдағы мақаласында: «Қазақстаннан келген екі ұстаз ай бойы ауыл аралап, үгіт айтып, жиырма шақты бала жинап, кішкентай балшық тамда алғашқы сабақты бастады. Кітап-құрал атымен жоқ. Ең бастысы, балалардың оқуға деген ынта-жігері қызықтырды, өз ісіне деген сенімділік туғызды. Кешікпей Бердіқожа ұстазды Ақбалшық ауылынан 150 шақырымдай алыс оңтүстіктегі Шыбарайғыр қошуынында Үмбет деген тұлғаның бастамасымен ашылған жаңа мектепке мұғалімдікке шақырды. Ақбалшықтағы мектепте Қайырбай ғана қалды», деп жазыпты. Сол сияқты осы өлкенің тарихынан сыр шертетін, 2008 жылы Ұлан-батыр қаласында жарық көрген «Меңдікөлім – мерейлі өлкем» атты жинақта: «Мектеп 1931-1932 жылдары Үлкен Көктөбедегі ламалар тамына орналасып, бір класта 20-30-дай бала сабақ оқыды», десе, 1971 жылы Моңғолия кәсіподағының ресми үні «Хөдөлмөр» («Еңбек») газетіне монғол журналисі Д.Жигжидсүрэн жариялаған «Бердіқожа және оның тағдырынан бір парақ» атты мақалада: «1931 жылы Халық революциясының 10 жылдық мерекесі қарсаңында Тұлба сұмынға мектеп ашу бастамасын Жолтаев көтеріп, бірқанша белсенділердің басын қосып, қабырғасын жас талдан тоқып жасап, төбесін шөппен жапқан шағын үйшіктің маңдайшасына «мектеп» деп жазып қойды. Кейбір керіауыз кертартпалар: «Мына қазақстандық қыстың суығын көрмеген-ау шамасы...», деп күлсе, баянды бастаманы қолдаушылар қуанышын жолдап, құттықтапты. Осы жылы Ұланқұс мектебі 17, Тұлба мектебі де осы шамада оқушы жинап оқуды бастапты. Алғашында Бердіқожа әрі директор, әрі ұстаз, әрі от жағушы жұмысын атқарыпты. Ол кезде оқуға бала жинау деген қияметтің қиыны, деп еске алды Жолтаев ұстаз. – Ешкім оқуға баласын бергісі келмейді. Ойдан-қырдан құрап оқытқан он шақты шәкірттерімнің ішінен Ікей Мизамұлы Халқын – гол шайқасының батыры атанса, жалшылықта жүрген жерінен әкесіне 25 төгрөг ұстатып, сатып алған тағы бір оқушым Қашқынбай Мәлікұлы қоғам қайраткері болды. Тағы бір шәкіртім Шолтай Моңғолияға еңбек сіңірген ұстаз атанды. Келесі оқу жылы басталғанда үкімет жаңадан тас тұғырлы мектеп салып берді. Жазда ел жайлауға шыққанда балаларды жинап әкеліп үйірме жүргіздім. Кешікпей мектептің жанынан артель ашылды», деген сөздерді моңғол журналисі Жолтаевтың өз аузынан жазып алған екен. 1934 жылы көктемде Бердіқожа Жолтаевқа: «Жедел Ұлан-батырға жетсін!» деген шақыру қағазы келеді. Ұлан-батырда бастырған алғашқы оқулық Шұғыл шақырған хабар қолына тиген ұстаз: «Қобда бетінде 4 жыл ғұмырым өтіп, шартты мерзім аяқталды, енді еліме қайтаратын шығар», деген үмітпен астананы бетке алып аттанады. Ел астанасы Ұлан-батырға келген соң Бердіқожа ұстаз Ағарту министрі Гонжон деген адаммен жолығып, оған: «Қаладағы мұғалімдер даярлайтын техникум жанынан қазақша оқытатын кадр дайындау қажет», деген ұсыныс айтады. Онысы дереу қабылданып, техникум жанынан қазақша оқытатын бөлім ашылып, 10 студент қабылданады. Жолтаев осы балаларға өзі сабақ берумен қатар, күні-түні отырып, төте жазумен қазақша сауат ашатын «Әліппе» оқулығын, табиғаттану және география пәндерін оқытуға арналған кітапты қорғасынға құйдырады. Жолтаев өзінің естелігінде: «Бұл іске моңғол ағартушылары Ишдорж мен Эрдэмбилег деген адамдар көп көмек көрсетті», деп атап өткен екен. Осы кітаптардың қорғасынға құймаланған әрбір бетін баспаханаға апарып, жанкешті еңбектенудің арқасында 300 дана кітап шығарған. Кітаптың мұқабасына Моңғолия Республикасының картасын шаптайды. Бұл оқулық Қобда беті қазақтарының ағартушылық тарихында жаңа заман ағымына сай жарық көрген тұңғыш құнды құрал екені анық. Бердіқожа – Сапар молда Осылай астанаға аялдаған аз ғана уақыт ішінде Бердіқожа Жолтаев қалаға қолжазба күйінде дайындап әкелген оқулығын баспаханаға өткізіп енді үһ дей бергенде Моңғолия ішкі істер министрлігінен шақыру түседі. Ұзын сөздің қысқасы, Бекеңе: «Сіз Сталин жолдастың нұсқауы бойынша Шыңжаңға тыңшылыққа барасыз. Моңғол, қазақ, орыс тілін білетін және көне ұйғырша, жаңа жәдитше, әрі кирилл әріптерін танитын қабілетіңіз бар. Айтқанға көнесіз. Басқа жол жоқ», дегенді айтады үкімет адамдары. Сөйтіп, Қобда бетінің қазағын біліммен ағартуға келген ұстаз енді бірден құпия агентке айналып шыға келді. Ұлан-батыр қаласында арнайы дайындықтан өтті. Ресейден арнайы келген орыс полковник халықаралық саясат жайлы лекция оқып, Шыңжаңдағы ахуалмен егжей-тегжейлі таныстырады. Онымен қоймай, қаланың шығыс жақ шетіндегі «Амғалын» мұсылман мешітіндегі ұйғыр молдадан жүйелі сабақ алды. Ата-анасы азан шақырып қойған «Бердіқожа» аты өшіріліп, жаңадан «Сапар молда» деген есімге ие болады. Саяси һәм діни сауаты тұрғысында арнайы дайындықтан өткен Сапар молда 1935 жылдың қысында әккі барлаушы Қамқаштың бастауымен шекарадағы құпия өткел Шатыртастан асып, Шыңжаң топырағына аяқ басады. Барлаушы Сапар молдаға қандай тапсырма жүктелді, ол жайлы біздің білеріміз аз. Дей тұрғанмен осы жылдары Шыңжаң билігіне қол жеткізген Шың Шысай Кеңес Одағымен достық қатынас орнатып: «Өлсем бір шұңқырда, тірілсем бір төбеде болам», деп ант-су ішкендіктен, Сталин оған көмектесу үшін маман кадрлар жіберіп, тіпті өлкеге әскери құрам кіргізгені белгілі. Дәл осы істің бір қыры – өлкедегі кейбір істерді бақылау үшін кеңестік кадрлардан тыс Моңғолия арқылы елеусіз тыңшылар жіберіліп, қосымша бақылау шаралары жүргізілген сыңайлы. Осының ішінде Сапар молдаға жүктелген міндет – Алтай аймағының орталығы Сарысүмбе қаласына барып, ол жердегі басты тұлға Шәріпхан Көгедаевтың іс-әрекетін бақылау болған тәрізді. Өйткені Алтай аймағы дутыңы (басшысы) Көгедаевтың қорғаушысы ретінде Сапар молда деген адамның бірнеше жыл қызмет атқарғаны жайлы дерек бар. Қызық болғанда, Семейде бірге оқып, Қобда бетіне бірге келген бесқарағайлық досы, Ақбалшық мектебінде мұғалімдік міндетін атқарып жүрген Қайырбай Тілеубердин де Жолтаев сияқты арнайы тапсырмамен Құмыл аймағындағы ұйғыр-дүңген көтерілісінің басшысы Қожанияздың қасынан табылады. Бұл адам да есім-сойын өзгертіп, «Қасым әпенді» деген атпен көтерілісшілерге кеңесші болған. 1943 жылы Шың Шысай Кеңес елінен бетін теріс бұрған тұста Тілеубердиннің қайтар есігі жабылып, ақыры 1944 жылы Құлжада дүниеден өткен. Бізге белгілі бір дерек: 1937 жылы Үрімжі қаласында өткен «Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының» кезекті жиналысына Сапар молда Алтай аймағынан, Қасым әпенді Құмылдан өкіл ретінде қатысып, көпшілікпен бірге фотоға түскені сақталған. Осылайша, Алтай аймағында құпия қызмет атқарған Сапар молда жергілікті жердің адамы Қанипа Мұқашқызымен шаңырақ көтереді. Кешікпей ұрпақ сүйеді. Бір қызығы, қайын жұрты да, сүйікті жары Қанипаның өзі де Сапар молданың тыңшы екенінен бейхабар болған. Десе де Шыңжаңдағы жағдайды аңдаған Сапар молда бір күні қайын жұртының да аңысын байқап: «Сіздерге мына жер түбі ел болмайтын түрі бар, сыртқы Моңғолияға көшіңіздер», дейді. Тосын ұсынысқа таңырқаған ағайындары: «Екі ел арасында шекара бар, одан қалай өтеміз?» дейді. «Қорықпаңыздар, мен тұрғанда шекара бұйым емес», деп сенімді түрде айтады. Бұл сөзді естіген ағайындар бірден келіседі. Сөйтіп, бір түнде қатын-бала, қайын-жұртын шекара асырып жіберіп, тар кезеңнің үстінде жарына шындықты айтып: «Кешікпей мен де барам, алаңдамаңдар, сендерге үкімет өзі көмектеседі», деп қол бұлғап қала береді. Қысқасы, «Қайтсын!» деген бұйрықты күтіп, отбасымен қауышуға асыққан елең-алаң күндердің бірінде, нақтырақ айтқанда 1945 жылдың күзінде артынан жансыз келіп жетеді. Бірақ ол «Елге қайт», деген қуанышты хабар әкелмейді. Керісінше, «Оспан бастаған көтерілісшілер гоминданмен одақтасуға бет бұрған секілді, осыған көз жеткізсін», деген тапсырма жүктейді. Ол кезде Сапар молда Үрімжі қаласында гоминдан сапында жұмыс атқарып жүрген болатын. «Құдай көктен сұрағанын жерден берді», дегендей гоминдан басшылары Оспанмен кезігіп, одақтас болуға шақырған ұсынысты айтуға Бердіқожаны Оспанға жұмсайды. Әбден әккіленген Оспан батыр оны тура қабылдамай, кешіктіріп ұстайды. Өзі тікелей тілдеспей, хатшысы Бағдат Қамзаұлымен жолықтырып, тоқетері – одақтас болуға келіскен сыңай танытады. Тапсырманы орындаған соң, айналып Сарысүмбе қаласына келеді. Мәліметті құпия шифрге түсіріп, хабар алуға келетін адаммен жолығатын сәтті күтіп, тоқайласқан асханаға жансызбен кезігуге келеді. Басындағы малақайын үстелдің оң бұрышына шалқасынан тастап, күпісінің үзіліп түскелі салақтап тұрған бірінші күміс түймесін ағытып қояды. Бұл оның сол кеште өзіне жолығуға келетін жансыздың жазбай тануына арналған белгі, бөгенай-тын. Кеш батты, түн болды. Келетін адам жоқ. Ілби басып үйіне қайтады. Үрімжі түрмесінде Жолтаевтың өмір-тарихын терең зерттеп, көптеген құжатпен танысқан журналист Тоқан Бодауханұлының жазуына қарағанда, кейіпкеріміз таңға жақын қатты қағылған есік дыбысынан шошып оянады. Жаман лашықтың есігі айқара ашылады да гоминдан сақшылары сау етіп кіреді. Олар үйдің түгін қалдырмай тінтеді. Ақыры төс қалтасындағы құпия хатты тауып алады. Негізі бұлар Сапар молданың ізіне арнайы түспеген. Өткен түнде молда барған асхана маңында төбелес болып, бір адам өлген. Түнде жауған ақша қар молдекеңнің асханадан қайтқан ізін жасырып үлгермепті. Бейсауат ізге түскен сақшылар адам өлтірген қандықолдың емес, саяси қылмыскердің үстінен түскенін жыл жарымнан соң Сапар молданың қалтасынан табылған хаттың сыры Бейжіңде ашылғанда ғана бір-ақ біледі. Сөйтіп, тыңшылық әрекеті әшкереленген Сапар молда түрмеге түседі. Жазықтыны әдейі баскесер бұзақылардың ортасына жібереді. Нағыз айқас осында басталады. Күнде жекпе-жек. Бірде жеңіп, бірде жеңілсе де қайыспайтын қайсарлығының арқасында қамауда «қожайын» дәрежесіне жетеді. Молданың мықтылығы мен тақуалығына тәнті болған түрме күзетшісі, ұйғыр Қожақын оған іш тартып: «Аға, тегіміз бір мұсылман баласымыз. Соның ішінде сіздің қайсарлығыңызды, тайсалмайтын ержүректігіңізді құрметтеймін. Амал жоқ, мына кәпір ханзулардың айы оңынан туған кезіне тап болып, мүрит болып жүрміз ғой! Орайлы сәт туып, қолымнан келсе, көмектесер едім», дейтін үнемі. Бірде осы жігіт түн жамылып камераға келіп: «Аға, сізді ертең атады, бүгін түннен қалмай қашыңыз», дейді. «Қалай қашамын?» Жан-жағына сақтықпен қараған Қожақын: «Камераңыздың қабырғасынан кірпіш пештің мұржасы өтеді, соны бұзып, төбеден шығыңыз. Сырттағы қарауылды мен ыңғайлаймын», деп, тұтқынның қолына темір сүймен ұстатып, жоқ болады. Молда мұржа кірпішін бір-бірден суырып, тар қуыстан күйе-күйе болып төбеге шықса, алдында Қожақын тұр. – Екі қарауылдың көзін жойдым. Тез жөнеліңіз. Біздің үйдің ауласында ерттеулі ат тұр. Киім-кешек, азық-түлігіңіз де бөктерулі – деп үйіне баратын жолды нұсқап, қош айтады. Астына ат тиген әккі тыңшы қалай із жасырып, шекарадан қалай өтуді ешкімнен сұрамайтыны анық. Үрімжіден төтелей тартып, Моңғолия шекарасын бұзып өтеді. Бұл 1948 жылдың көктемі еді. Ажалдан арашалаған шәкірт Шекарашылар қолға түскен тұтқынды Қобда аймақтық ішкі істер бөліміне әкеледі. Сөйтіп мұнда өзінің байырғы есімі Бердіқожамен қайта қауышып, атқарған қызметі сараптан өткенге дейін бостандыққа шығады. Отбасымен табысады. Кешікпей Б.Жолтаевты Моңғолия үкіметі тұтқындайды. Себеп: «Отанын сатқан». Бұл – өте ауыр жаза. Біз нақты дерекке қол жеткізе алмадық. Десе де бір болжам: Бердіқожаның Қытай түрмесінен қашып шығу көрінісі де әдейі ұйымдастырылған сценарий іспетті. Шындығында, Бекең Қытай мүддесі үшін қызмет істеуге келісіп, түрмеден аман шыққан тәрізді. Онысы – мұнда келген соң әшкереленген. Бұл шындыққа саяды. Ол заманда елдегі ату жазасына үкім етілген істер Моңғолия Халық Ұлы Құрылтай хатшылығына таныстырылатын дәстүр бар екен. Құдай оңдағанда, дәл осы хатшылық қызметті бұдан жиырма жыл бұрын әкесіне 25 төгрөг беріп, оқуға сатып алған шәкірті, қазақ азаматы Қашқынбай Мәлікұлы атқарып отырмасы бар ма! Ақын Қызай Бақтыбайұлы: «Кең қолтық керей атаң үлгісіндей, Жан еді маңғаз тұлға шың мүсіндей», деп жырлаған қоғам қайраткері Қашқынбай Мәлікұлы – МХР Халық Ұлы Құрылтайы хатшылығы қызметін атқарып тұрған кезде Ұлы Құрылтай аппаратында сақтаулы тұрған ұлы Шыңғыс қағанның, Автономиялық Моңғолия елінің басшысы VІІ Боғда Жавзундамба ханың және 1924 жылдан 1940 жылдарға дейін пайдаланған Моңғолия мемлекетінің мөрлерін, одан кейінгі Моңғол Халық Республикасының жаңа мөрін ұстау мәртебесіне ие болған, әрбір кезеңге қатысты маңызды тарихи-саяси құжаттарды мөрлеп кепілдендіріп отырған қазақ баласы. Қолына төрт патшаның мөрін ұстаған қазақ азаматы өзін алғаш білім жолына салған ұстазын қалай оққа байласын. Дереу іске араласып, ақыры өлім жазасын 15 жылдық жазаға өзгерттіріп, аман алып қалады. Арада бір жыл өткенде Қашекең 15 жыл мерзімді 10 жылға жеңілдеттіреді. Бұл кезде өзі де қызметінен босайды. Моңғолияның қатаң режімдегі Ерөө түрмесінде 10 жыл жазасын өтеген Бердіқожа Жолтаев 1960 жылы отыз жыл бұрын табаны тиген Байөлке топырағына қайта оралады. Бұрынғы қаңбақ жөңкіген қу далада әп-әдемі қала бой көтеріпті. Ел өзгерген. Тағдырдың тағы бір тартуын қарамайсыз ба, Бекең алғаш Қобда бетіне келгенде Қаматжан деген қарияның шаңырағын паналаған еді. Өзі жүдеу-жадау тұратын отбасына көмек қолын созып, ақсақалдың Мұсахан деген ұлын арқасына мінгізіп көп еркелетіпті. Бердекең тағдырдың жазуымен жарты әлемді шарлап, моңғол мен қытай түрмелерінің дәмін татып арып-ашып ораласа, сол арқасына көтеріп жүретін кішкентай бала Мұсахан сол күндері Байөлке аймағының әкімі екен. Мұсекең Бердіқожа ағасымен жылап көріскен сыңайлы. Сөйтіп дереу аймаққа құрылыс салуға келген қытайлық мамандарға аудармашы етіп қызметке тағайындайды. Кешікпей Бекеңнің алғашқы ағартушылық еңбегі еленіп, мемлекеттік жоғары награда «Алтын Жұлдыз» орденімен марапатталады. Артынан аймақ орталығына радио торабын орнатуға келген чехословак мамандарына аудармашы болады. Бекең бейбіт өмірін бастап, жалғыз ұлы Тоқтықты қатарынан қалдырмай оқытып-тоқытады. Тоқаң да үздік оқып, Мәскеуден әскери академия бітірген байөлкелік аз қазақтың бірі болды. Ұзақ жылдар шекара әскерінде қосын басқарды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Қазақстанға қоныс аударып, Алматы маңындағы Ұзынағаш ауылында дүниеден өтті. Тоқтықтан басқа Нұржамал, Гүлжамал, Бижамал, Сақыпжамал атты төрт қыз өсіреді. Бұл есімдер – Бердіқожаның жиырма жасында жырақтап, өмірінің соңына дейін табыса алмай арманда кеткен төрт апайының аты екен. Дүние-ай деген, Бердіқожа Жолтаев 1975 жылы өзге ел, жат өлке Моңғолияда дүниеден өтті. Туған еліне, өскен жеріне деген мәңгілік сағынышы, көңіл шері тарқамай, өзімен бірге көрге көмілді.Автор: Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
Дереккөз: https://egemen.kz/