Жаңалықтар

Әліби Өтепбергенге қатысты қылмыстық істің үкімі өзгеріссіз қалды

Әліби Өтепбергенге қатысты қылмыстық істің үкімі өзгеріссіз қалды

Осыдан бір жыл бұрын жазғы лагерьге балаларын жіберген ата-аналар арыз түсіріп, тәлімгерге қатысты Қылмыстық кодекстің 124-бабы 3-бөлігімен іс қозғалған еді. Ақтөбеде жазғы лагерь тәрбиешісі Әліби Өтепбергенге қатысты қылмыстық істің үкімі өзгеріссіз қалды. Бұған дейін оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Skifnews.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Осыдан бір жыл бұрын жазғы лагерьге балаларын жіберген ата-аналар арыз түсіріп, тәлімгерге қатысты Қылмыстық кодекстің 124-бабы 3-бөлігімен іс қозғалған еді. Істің үкімі биыл шығып, сотталушы тарап апелляцияға берді. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының​ 26 наурыздағы үкімімен Ә.Өтепберген​ Қылмыстық кодекстің 124-бабы 3-бөлігімен​ айыпты деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған педагогикалық және кәмелетке​ толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынған болатын. «Үкім бойынша​ Ә.Өтепберген​ жазғы демалыс лагерінің тәрбиешісі бола тұра​ бірнеше балаға қатысты сексуалдық сипаттағы азғындық әрекеттер жасаған. Бүгін Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталғанның қорғаушыларының өтініші бойынша сот тергеуін қайта бастаған болатын. Қосымша куәгерлер мен жәбірленушілердің заңды өкілдерінен жауап алынды. ​Сот алқасы Ә.Өтепбергеннің кінәсі толық дәлелденген,​ іс бойынша​ тергеу жан-жақты, толық және объективті жүргізілген деген тұжырымға келді», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен. Сонымен бірге әлеуметтік желі арқылы тараған хабарламаларға қатысты баспасөз қызметі пікір білдірді. «Ә.Өтепбергенге қатысты қылмыстық іс қылмыстық-процесуалдық заң талабына сәйкес жабық сот отырысында қаралды. Іс материалдарынан мүлдем бейхабар адамдар, әлеуметтік желі қолданушылары «Ә.Өтепбергенге қатысты әділетсіз сот шешімі қабылданды, іс бойынша дәлелдемелер жоқ, жалған айып бойынша сот шешім қабылдады» деп шындыққа сәйкес келмейтін пікірлерді белсенді​ таратты. Сот тергеуінде іс бойынша барлық дәлелдемелер, жәбірленушілердің, олардың заңды өкілдерінің, куәлардың жауаптары, сот сараптамасының қорытындылары, заңмен белгіленген тәртіппен, яғни сотталғанның қылмыстық әрекеттi жасағаны немесе жасамағаны, оның кiнәлiлiгi толық, жан-жақты тексерілген.​ ҚР ҚК-нің 11-бабына сәйкес Ә.Өтепберген жасаған іс аса ауыр қылмыстар санатына жатады және аталған баптың санкциясында он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жаза тағайындағанда сот Ә.Өтепбергеннің жасын, жақсы мінездемені, сотты болмағанын ескеріп, ҚК-нің 124-бабының 3-бөлігінде көзделген санкцияның ең төменгі шегінде тағайындаған», - деді облыстық соттың баспасөз қызметінен. Айта кетейік, әлеуметтік желі пайдаланушылары Ә.Өтепбергенге қолдау білдіріп, #Әлібигеәділдік хэштегімен жазбалар қалдыруда.