Үндістандық компания Түркістан облысында құс шаруашылығына инвестиция салмақ

25 Қыркүйек, 2018 579 0

Үндістан нарығының 90 пайызға жуығын құс етімен қамтамасыз етіп отырған алпауыт компания Түркістан облысына инвестиция салуға ниетті, деп хабарлайды Newsroom.kz. 

Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Үндістанның «VENKY'S» компаниясының өкілдерімен кездесті. Жиында«Venkateshwara Hatcheries Private Limited» (VH group) компаниясының операциялар жөніндегі бас директоры Муртуза Али Исмаил МАГДУМ  Түркістанға келудегі мақсатын түсіндірді. Құс өсірумен, жұмыртқа өндірумен қатар, жұмыртқа ұнтағын да кәдеге асырып жүрген, әлемге «Venky's» атауымен танылған алпауыт компания Түркістан облысында жұмыс бастауға дайын екендігін айтты. Арнайы зерттеу орталықтарында құс шаруашылығына қажетті вакцина шығарумен де айналысатын кәсіпорын «Ордабасы құс» және «Шымкент құс» ЖШС-імен де біріккен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құс шаруашылығын дамытып, халықаралық деңгейге көтеру арқылы экспорт көлемін арттыруға болатынын айтып, осы салаға жауапты орынбасарларына үндістандық инвестормен іскерлік байланысты нақтылауды тапсырды. 

"Түркістан облысы Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Өңірден Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистралі өтеді. Жұмыс күші көп әрі табиғаты шаруашылыққа қолайлы. Бірнеше құс фабрикасы бар. Біз әкімдік тарапынан құс шаруашылығын дамытып, кластер құруға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Егер инвесторлар келетін болса, жер және инфрақұрылым мәселесіне де көмек көрсетіледі. Екіжақты жобалар Үндістанға да, Қазақстанға да пайдалы болады деп ойлаймын. Бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз" , - деді Ж.Түймебаев. 


Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.