Өмірзақ Шөкеев: Кентау қаласы Түркістанмен қатар дамиды
Өмірзақ Шөкеев: Кентау қаласы Түркістанмен қатар дамиды
Апталық мәжіліс отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Атқарылған жұмыстар жайлы баяндаған Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов шаһардың даму жоспарларымен бөлісті.
Кентау қаласы бойынша биыл бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылмақ. Атап айтсақ, Кентау қаласы Қотыр бұлақ елді-мекенінде салынып жатқан күн сәулесінен қуат алатын электростанция құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. «Hevel Kazahstan» ЖСШ жобасының құны 15,9 млрд.тг. Сондай-ақ, Кентауда полиэтиленді труба шығару цехі, радиатор шығару цехі және «Темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты» биыл іске қосылады.
«Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Кентау қаласына қарасты Шаға және Ораңғай ауылдарында 1 мектеп күрделі жөндеуден өтті. 36 жол жөнделіп, жаяу жүргінші жолдары салынды, көшелер жарықтандырылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 1 мектеп күрделі жөндеуден, 35 мектеп ағымдағы жөнделді. Көшелер жөнделіп, саябақтар абаттандырылды. 1 көпір және жаяу жүргінші жолдар жөнделуде. Аталған бағдарлама аясында 300-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған», – деді Кентау қаласының әкімі.
Өмірзақ Естайұлы кезінде өндірісі өркендеген өңір болған 65 жылдық тарихы бар Кентау қаласын Түркістанмен қатар дамытуды мықтап қолға алуды тапсырды. Қала басшысына Кентау қаласына қарасты ауылдық округ халқының әлеуметтік, құрылыс, инфрақұрылымдық мұң-мұқтаждары мен өзекті мәселелерін дер кезінде шешуді жүктеді. Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік және өндірісті дамытып, инновациялық жобаларға басымдық беруді міндеттеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі