Моңғолияда түркі дәуіріне тиесі жаңа ескерткіш табылды
Моңғолияда түркі дәуіріне тиесі жаңа ескерткіш табылды
Моңғолия Ұлттық музейі мен Халықаралық Түркі академиясының бірлескен «Керулен» жобасының аясында Моңғолияның солтүстік өңірі Гоби аймақтарына барлау экспедициясының нәтижесінде Дундговь аймағы Ногоонтал (Жасыл дала) деген жерден бұрын беймәлім болып келген түркі ғұрыптық кешені табылды.
Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарлады.
«Негізінен бұған дейін түркі ханзадалары мен бектерінің ірі кешендері Моңғолияның орталық аймағы Орхон, Туул өзені алқабынан табылып келген еді. Елдің солтүстік тарапындағы Гоби шөлі аймағынан мұндай ескерткіштер аса сирек кездесетіндіктен, оны тиянақты зерттеу көне түркі мәдениеті ареалын кеңейте түсуге мүмкіндік тудырады. Бұл жәдігерлерді зерттеп зерделеудің түркі тарихына олжа салары анық», – деп жазды Академия басшысы.
Табылған кешеннің аумағы 2.5х2.5 м, шаршы пішінді. Кешенде орналасқан жайпақ тасаттық тасқа мүйіз бен гүл тәрізді ою-өрнектер оймыштап айқын бейнеленген. Ғұрыптық кешенде биіктігі 2 метрден асатын 4 дана тік сынтас анықталды. Кешен көне түркі ақсүйек бекзадасының тиесілі деп жорамалдануда.
Айта кету керек, Түркі академиясы Моңғолияның Ұлттық музейімен бірлесіп 2016 жылдан бері «Керулен» жобасы аясында Хэнтий аймағы Дэлгэрхаан сұмынында Хаяахудаг, Гүнбүрд түркі кешендеріне археологиялық қазба жүргізіп, көшпенділердің мәдениетіне қатысты елеулі жаңалықтар ашқан болатын.
Академия мен Моңғолия Ұлттық музейі алдағы уақытта жаңадан табылған нысанда зерттеу жасауды жоспарлап отыр.
Дереккөз: http://twesco.org/